Жарылыстарға жауапты кім?

Соңғы 20 жылда еліміздегі әскери қоймаларда 8 рет жойқын жарылыс болды. Кейбірінің неден шыққаны анықталды. Ал енді бірінің себебі әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Кінәсі дәлелденгендер жазаланды.

2001 жылдың тамызы. Қарағанды облысының Тоқырау кенті. Күннің екінші жартысында елді мекенде бірқатар жойқын жарылыс болды. Елдегі ең ірі әскери оқ-дәрі қоймасында өрт шықты. Көп ұзамай Ауған соғысынан бері сақталған снарядтар жарылып қойманың күлі көкке ұшты. Бұл қайғылы жағдайдың салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ. Оқиғаның себебі әлі күнге дейін анықталмады.

Амангелді Құрмет, сарапшы:

- Мына жағдай әсіресе Арыстан кейін Жамбыл жерінде бұл оқиғаның қайталануы менің жеке көзқарасым бойынша үлкен салғырт салақтықтың салдары деп білем. Арыстағы жағдайдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аудару керек екенін тапсырған. Және Үкіметке жаңадан әскери қоймалар салу керек екендігін ескерткен. Ал бірақ Үкіметтің осы уақытқа дейін әскери қоймалар салып жатқанын осы уақытқа дейін таппадық. Осы кешелі бері ғана шыға бастады екі қойма салып жатырмыз дегені. 

Ал бұл 2009 жылы Арыста болған жаралыс. Қалада 10 жылдың ішінде осыған ұқсас жағдай төрт мәрте қайталанды. Қоймадағы снарядтар 2014, 2015, және 2019 жылдары жарылған. Ең соңғысы тіпті жойқын еді. 2 жыл 2 ай бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада әуелі өрт шығып, көп ұзамай бірнеше жарылыс болған. Ресми ақпарат бойынша, 4 адам қаза тауып, тағы ондаған тұрғын жараланған. 40 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қаладағы 8 мыңға жуық тұрғын үй қирады. 26 шілдеде әскери қоймадағы жарылыс бойынша айыпталушыларға қатысты сот шешімі де шықты. Айып тағылған 16 адамның 12-і 4-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы төртеуіне шартты жаза кесілді. Арыстағы апаттан барлығы 1500 адам зардап шекті.

Бақытжан Ертаев, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері:

– Бірақ бұл қайталанбау үшін, қайтадан елді тоғантпау үшін ойлану керек. Мысалы, Арыста өтті. Неге сонда біз Байзақтағы қойма елдің қасында тұр? Неге сол кезде ойланбадық? Неге нәтиже шығармадық деген ой толғантады.

2013 жылы Отар станциясының жанында жарылыс болды. Оннан астам сарбаздың денесін күйік шалды. Дегенмен сол кезде ешкім отставкаға кету жайында тіс жармады. Ал Жамбылжағы төтенше жағдайдан соң Қорғаныс министрі шенді шешуге дайынмын деді.

 Амангелді Құрмет, сарапшы:

– Яғни бұл жерде басы үкіметтен бастап аяғы Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлігіне дейін шабан қимылдады деген сөз. Дер кезінде әскери оқ-дәріні тиісті жеріне жеткізіп сақтау мәселесінде салғырттық танытып алды. Мұны немқұрайлылық деп бағалау керек. Және жауап берілуі тиіс. Неге жарыла береді. Әрине, әскерилер де, зерттеушілер де сан түрлі нәрсе айтады. Ең негізі оқ-дәрі, қару-жарақ ескірді. Және бұл қоймалардың барлығы Кеңес одағы кезінде салынған қоймалар.

Бас-аяғы 20 жылдың ішінде әскери қоймаларда жарылыс 8 рет болды. Жағдай қайталанбас үшін не істеу керек? Бұл сұраққа жауаптылар бас ауырта жатар. Ал Жамбылдағы жағдайға байланысты бас прокуратура мен ІІМ-ге оқиғаны мұқият тексеру және кінәлілерді анықтау туралы тапсырма берілді.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жарқын Мырзахан