Жанарын су алса да, жүректері сөйлеп тұр...

Өмірдің бағасын білген абзал. Елордалық зағип қариялар бас қосып, қоғамдық бірлестік құрған. Жас келіп жанарын су алса да, домбыра тартып, ән шырқайтындары бар. Енді бірі көзмоншақтан бұйым жасайды.

Дүниенің сұлулығын көзбен көріп жүрсек те, бағаламай жатамыз. Жанарын су алса да, жүректері сөйлеп тұрған қариялар бар. Аз-маз өнерімен өздерін алдарқатып күн кешеді. «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің мүшелері тағдырын тауқыметке баламайды.

Шұғыла қоғамдық қоры екі жыл бұрын құрылды. Қамкөңіл жандар осында келіп, аз-маз қауқылдасып қалады. Бірақ, бойдағы өнерді еркін көсілтіп, кеңінен отырар жер жоқ. 

Бақытжамал Кәрібаева, «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Келем дегендер көп. Хабарласып жатады. Тек қана көзі көрмейтін емес, басқа да мүмкіндігі шектеулі кісілер. Жастар сарайы біткеннен кейін бөлмемізді береміз деді. Сондықтан да жұмысымызды жалғастырамыз деп ойлаймын.

Қазыналы қарттарға брайль әліппиін меңгеріп, ұсақ моншақтан бұйым жасау да күш емес.

Зиман Оспанова, «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің тәлімгері:

– Үйде де демалмаймыз, істегіміз келеді деп маған звондап айтады. Бізге жақсы туыстарға подарка таратады.

Қарттар уақыттың қадірін біледі. Көзден нұр тайғанмен, көкірек шіркін сайрап тұр. Өздері құрған оркестр сол көңіл күйді паш етеді.

Мерей Мұратханқызы