Футзал шеберлері тығырыққа тірелді

Қазақстан ұлттық құрамасы Украинамен 2 жолдастық кездесу өткізуі керек еді, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда елдегі жағдайға байланысты бұл матчтар болмайды. Ал 19 қаңтар күні Еуропа чемпионаты басталады. Оған бару да қиындап тұрғанын айтты.

Рикардо Кака баптайтын жігіттер о баста Алматы – Киев – Амстердам бағытында ұшуды жоспарлаған. Енді құрама елордадан шығуды көздейді.

Айтпақшы үйлеріне демалысқа кеткен Игита, Дуглас, Тайнан үшеуі Қазақстан аумағына келе алмай жатыр. Әуе қатынасы жанданса, олар бірден елордаға келеді, не тікелей Нидерландыға жол тартады делінген хабарламада. Айта кетейік, ұлттық құрама желтоқсанның ортасында Өзбекстанмен қос жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Алғашқысында 3:1 есебімен Қазақстан жеңіске жетсе, кейінгісінде 6:4 есебімен Өзбекстан жігіттері басым түсті.