378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 62 мың жетім бала үй кезегінде тұр

  • 140
  • UPD: 23:29, 17.01.2020

Елімізде 62 мыңға жуық балалар үйінің тәрбиеленушісі үй кезегінде тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі бүгін пәтерлі болды. Рас, баспана әзірге жалға беріледі. Дегенмен, оның жаңа иесі уақыт өте келе жылжымайтын мүлікті өз атына аударып алады.

Жаңа жылда баспаналы болған азаматтың есімі – Андрей. 3 жасынан бастап 16-ға толғанша елордадағы балалар үйінде тәрбиеленген. Кейіннен бас қаладағы колледждердің бірін сәтті тәмамдап, бірден еңбекке араласқан. Қазір ірі сауда орталығында сатушы болып жұмыс істейді. Айтуынша, жалдамалы пәтерге айына 5 мың теңгенің шамасында төлейді.

Андрей Горелов, қала тұрғыны:

- Пәтер кезегінде 10 жыл тұрдым. Жақында тұрғын үй бағдарламасы туралы туралы естіп, өтініш білдіру туралы шешім қабылдадым. Жалдамала болса да, өз үйім. Аз ақша төлеймін. Әр бес жыл сайын келісімшартты ұзартып, кейін өз атыма аударып аламын.

Андрейдің ендігі арманы – жоғарғы оқу орнына түсіп, дизайнер атану. Оның бұл мақсатына жету үшін бас қаладағы қоғамдық қорлардың бірі қолғабыс етпек. Дәл осы қор оның пәтерлі болуына да көп көмектесіпті.

Аралбек Берікұлы, қоғамдық қор президенті:

- Партия бар, омбудсмен бар, жетім балалар бар, солардың ортасында алтын көпір сияқты, яғни бұл балалардың құқығын қорғап, олардың атынан құзырлы органдарға хат жазып, бұл істі соңына дейін жеткізуге тырыстық. Соның бір жемісі ретінде Андрей пәтерлі болып жатыр. Оған дейін жоғарғы оқу орнына 4 баланы жібергенбіз. Олар өздері оқуға түсе алмай, жетімдер үйінен шыққан.

Жалпы елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға Коммуналдық тұрғын үй қоры берілетін пәтерлердің кем дегенде 20%-ін бөлуі тиіс. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң солай дейді. Мәселен, республика бойынша соңғы екі жылда мұндай 1000-ға жуық үй беріліпті. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, бұл аздық етеді. Әрі елімізде баспанаға мұқтаж балаларды тіркеуде де кемшілік бар көрінеді.

Зере Өтебаева, Ұлттық адам құқықтары жөніндегі  орталықтың басшысы:

- Тұрғын үйге мұқтаж балалардың есебін жергілікті атқарушы органдар әл күнге дейін дербес жүргізеді. Орталықтандырылған база қарастырылмаған. Заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар 6 ай ішінде есепке қоюды қамтамасыз ету міндеті сақталып отыр.

Мамандар «елімізде мемлекеттік электронды мәліметтер базалары жұмыс істеп тұрғанда тіркеу мерзімін бұлай ұзартуға негіз жоқ», дейді. Сондықтан депутаттарды бұл мәселеге назар аударуға шақырып, 6 айлық мерзімді заң жүзінде алып тастауды ұсынып отыр.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы