Төтенше жағдай министрлігі: Жарылыс салдарын толық жою үшін тағы 2-3 күн қажет

Қазір Қорғаныс министрлігінің саперлері мен өрт сөндіру қызметі ошақтарда жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин мәлім етті. Оның айтуынша, қоймада әлі де жарылмай қалған оқ-дәрілер бар.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

– Қауіп әлі толық сейілмеген. Оқиғаның эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін. Теміржол бойынша жүк тасымалы тоқтап тұр. Ал жолаушылар тасымалы бүгін шешілуі керек деп ойлаймын.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.