loader


Талдықорғанда қоқысты кәдеге жарататын алғашқы зауыт ашылды

Алматы облысында қоқысты кәдеге жаратудың тиімді тәсіл табылды.

Өңдеу ісімен айналысатын алғашқы зауыт Талдықорғанда пайда болды. Кәсіпорын тәулігіне 50 тоннаға дейін техникалық көміртегі мен түрлі отындар шығарады. Қазір өңірдегі полигондарда 9 миллион тонна күл-қоқыс жатыр. Ол жыл сайын 800 тоннаға көбейеді.

Бұл – Жетісу аймағындағы алғашқы зауыт. Пайда болғанына екі айға толар-толмас уақыт өтті. Әзірге өнім шығаруға кіріскен жоқ. Бірақ жабдықтардың бәрін сынақтан өткізіп, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ал жақын арада түрлі қоқыстарды жаппай өңдеуге кіріседі. Бұл нағыз қалдықсыз өндіріс болмақ. Тәуліктік қуаты 50 тонна өңдеуге жетеді. Келешекте 100 тоннаға дейін ұлғайтылады. Сөйтіп, қажетсіз заттардың өзінен қажетті өнімдер алынады. Олар – техникалық көміртегі, пиролиз майы, қатты және дизель отыны мен бензин. Қазір зауыттың айналасы ретке келтірілуде.

Гүлнәр Мадыбаева, қоқыс өңдеу зауытының директоры:

- Үкімет тарапынан енді кішкене көмек болатын шығар деп отырмыз. Себебі бұл – жалғыз ғана адамның қолынан келмейтін нәрсе. Енді зауытымыз бүгінгі күнге 100 пайызға дайын.

Кәсіпорын жергілікті билік өкілдерінің назарында. Бүгінде қала сыртындағы полигонда жатқан тұрмыстық қатты қоқыстарды сұрыптайтын желі орнату мәселесі ойластырылуда.

Нұрлан Мәмбетжанов, қала әкімінің орынбасары:

- Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бұл зауытқа қолдау көрсету қарастырылып жатыр. Облысқа кіші және орта бизнесті дамытуға қолдау несиелері ретінде 3 миллиард теңге беріледі. Сол арқылы көмектесу жолдары қаралып жатыр.

Қазір облыс аумағындағы полигондарда 9 миллион тонна қоқыс жатыр. Жартысы тек Алматы қаласының өзінен шығарылған. Ол жыл сайын көбейе түсуде. Оны азайтудың әрі жоюдың бір-ақ жолы бар. Ол – қоқыс өңдейтін зауыттарды көбейту. «Мұндай қадам экологиялық жағдайды жақсартады және жаңа жұмыс орындарын ашады»дейді мамандар.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...