418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Нығматулин «Астана ЭКСПО-2017» нысандарын аралады

  • 1007

Депутаттар бүгін ЕХРО қалашығын аралап, көрмені көру үшін билет те сатып алды.

Ал ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов құрылысы әлі жүріп жатқан көрмеге «қазірдің өзінде миллиардтаған қаржы түсті» деп салды. Мүмкін, тартылған инвестицияны меңзегені болар, нақтысын кейінірек ашып айтуға уәде берді. Айта кетейік, әлемдік шараның Астанада өтуіне Елбасы ықпал етті. Халық қалаулылары ЕХРО мәселесі бойынша заң қабылдап, дайындық жұмыстарына атсалысты. «Халықаралық көрме жөніндегі» құжатты ратификациялады.

ЕХРО елдің аузындағы құрылыс. Біреу даттайды, біреу жақтайды. Сын айтылған сайын міні түзеліп келе жатқан қалашықта құрылыс аяқталып та қалды. Көрмеге бөлінген қаржыдан 302 млрд теңге үнемделді. Ал, бюджеттің әрбір тиынын есептеуге бейіл депутаттар мың естігенін бір көрмекке көрмеге барды. Барды, көрді, бағасын берді. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шынымды айтсам, көрмеге алдымен күмәнданып келгенмін. Себебі түрлі әңгімелер бар. Әлеуметтік желілерде түрлі сын бар. Құрылыс негізі бітті деп айтуға болады. Әсіресе халықаралық павильондар туралы айтсақ, олар жақсы жағдайда. Міне, өз көзіммен көріп, бұл жағдай шынымен де сенімді екен деп көзім жетіп отыр.

Депутаттарды алаңдатқан тағы бір мәселе қауіпсіздік. 1 наурыз күні тестілік жүйеде тиісті қондырғылармен жабдықталған қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы іске қосылды. Осылайша адамнан бастап ЕХРО аймағына кіретін көліктерге дейін жіті тексеріледі. Шара кезінде халықтың тыныштығын құқық қорғау органдарының 8 мың қызметкері қамтамасыз етеді. Ал, шетелдік қонақтарды ары-бері әуре қылмас үшін визалық қолдаудан бастап, салық төлеуге дейін ЕХРО аймағында жүргізіледі.

Диас Әзбергенов, «Астана EXPO-2017» ҰК департамент директоры:

- Бұл орталықта көші-қон тіркеуі, кедендік қолдау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау сынды 12-ден аса қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік және қаржылық қызмет түрлері де ұсынылып отыр. Шетел азаматтары тіркеуге тұрған соң өз банк шоттарын да ашып, шаруашылық жұмыстарын жүргізе алады. Сонымен қатар сақтандыру, логистика, пошта қызметтеріне дейін қарастырылған.

Сондай-ақ, ЕХРО-ға қатысушылар көрмеге қойылатын заттарды кеденнен тегін алып өтеді. Ал, тіркелу өту үшін үйінде отырып-ақ электронды түрде тапсырыс бере алады. 

Маркен Ахметов, «Астана EXPO-2017» ҰК департамент директоры:

- Халықаралық көрме қатысушыларының өкілдері адамдардың тізімін жібереді. Қазақстан азаматтары жеке куәліктерінің, шетел азаматтары паспорттарының көшірмесін жолдайды. Ал, кәмелеттік жасқа толмағандар туу туралы куәліктерінің көшірмесін ұсынуы тиіс. Кезек болмас үшін тапсырысты электронды түрде де жолдауға болады. Аккредиттеу куәліктерін берер кезде, жауапты бір адам барлық қатысушылардың бейдждерін ала алады.

ЕХРО кезінде 3 мыңнан астам шара өтеді. Соның онына мемлекеттер басшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады. Болашақ энергиясына бағытталған 40-тан аса форум ұйымдастырылады. Қазір 90 ел өз павильонын алды. Кейбірі жабдықтау жұмыстарын бастап кетті. Айтпақшы, еліміз шар тәріздес ғимарат пен «Үздік тәжірибелер аймағы» және «Тақырыптық павильондарды» толтыруы тиіс. Бұл ретте ең үздік 27 жоба іріктелген. Жалпы көрме жұмыстарына еліміз бойынша 50 мың адам атсалысып, уақытша жұмыспен қамтылды. Отандық тауар өндірушілер де тартылып, 233 млрд теңгенің өнімін шығарды. Осындай ауыз толтырарлық жаңалықпен бөліскен Ахметжан Есімов депутаттарды жақсы көретінін айтып ағынан жарылды.

Ахметжан Есімов, «Астана EXPO-2017» ҰК басқарма төрағасы:

- Сіздермен кездесуге мен әрдайым қуаныштымын. Көбіңізді жақсы білемін. Бірге жұмыс істедік. Құрметтеймін. Жақсы көрем. Сондықтан әрдайым сіздерді күтіп алып, атқарылған шаруалар жөнінде айтып беруге дайынмын.

Шетелдік танымал басылым The New York Times айшықтап жазған 2017 жылы жұрт баруы тиіс 52 маңызды шараның тізіміне EXPO да енді. Жарнамасы жаман емес. Содан болар, қазірдің өзінде 640 мың билет саудаланып кеткен. Бүгін Мәжіліс төрағасы мен депутаттар да кіру қағазын сатып алып, қуаныштарын жасырмады.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Билет сатып алдым бүгін. Билеттің неше түрі бар екен. Жұмыс күні келетін адамдарға, демалыс күні келетін адамдарға. Мен бұл EXPO-ға өз отбасыммен келіп, көріп, ең заманауи технологиялармен, жобалармен, мүмкіндіктермен танысуды жоспарлап тұрмын. Жалпы, қазақстандықтарға қызықты болады деп ойлаймын. Сондықтан біздің қазақстандықтарды, жерлестерімді көрмені келіп көруге шақырамын.

EXPO-ның басталуына 3 ай уақыт, яғни 93 күн қалды. Шараға 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. 110 ел өз комиссарларын бекітті. Шара кезінде Астанаға 5 млн турист келеді деп күтіліп отыр. Оның тең жартысынан астамы ел азаматтары. Бастысы, кеткен шығын ақталуы керек. Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімовтің айтуынша, қазірдің өзінде EXPO-ға миллиардтаған қаражат түсім түскен.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ануар Тәуекелов, Аманжол Байғазин

Хабар 24 телеарнасы