386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жас өрт сөндіруші отқа оранған пәтерден апталдай азаматты аман алып шыққан

  • 1061

Шымкенттік өрт сөндіруші Сержан Әбіханов қызыл жалынға оранған пәтердің ішінен апталдай азаматты аман алып шыққан.

Өз өміріне төнген қауіпке қарамай, өзгенің өмірін құтқарып қалған жас маман бұл әрекетін азаматтық борышым деп санайды. Таңдаған мамандығыма деген сүйіспеншілік пен құрмет осындай әрекет жасауыма түрткі болды дейді ол.

Шапшаңдық – әрбір өрт сөндірушіге тән қасиет. Техникалық кәуіпсіздік ережесі бойынша дәріс тыңдаған мамандар енді тағы бір оқиға орынан аттанып барады. Сақадай сайланып шыққан қызметкерлер алда не күтіп тұрғанынан бейхабар.

«Ақпандағы арпалыста дәл осылай басталған еді», - дейді жас маман. Қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үй өрт сөндірушілер жеткенде көк түтінге оранып жатқан. Сержан еш ойланбастан, екінші қабатқа саты арқылы көтеріліп, терезені сындырып ішке кіреді. Өйткені темір есік құлыптаулы болған. Есікті бұзып, сыртқа шыққанда көршісі іште адам қалды деп айқайлады.

Сержан Әбдіханов, қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы:

- Жуыну бөлмесіне кірген кезде ес-түзсіз жатқан азаматты байқадым. Тез арада жеке құрамды шақырып, оның өзі тірі екені білінді. Таза ауаға сыртқа шығарып, «103» жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталды.

Іштегі қызыл жалынның әсерінен жылу құбыры жарылып, қайнаған су да атқылап тұрады. Төтеншеліктер тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап, тағы 19 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Тәуке хан көшесіндегі үйдің тұрғындары Сержан мен оның әріптестерінің батылдығына ризашылығын білдіріп, алғыс айтып хат та жолдаған.

Роза Бәйімбетова, кондоминиум төрайымы:

- Балалар тез келіп, көмектесіп, үйдің жарығын өшіріп, бізге қолдан келгенше көмектесті. Осындай балалар қызмет істегенде енді біз оттан қорықпайтын шығармыз.

Сержан жастайынан өрт сөндіруші болуды армандаған. Мақсатына жету үшін Көкшетаудағы техникалық институтта білім алады. Өз қызметіне адал жігіт өз кәсібіңді шын сүйгенде ғана жетістікке жетуге болады дейді. Әріптестері оны бейбіт күннің батыры деп атайды.

Болатбек Дәрменов, қалалық №3 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

- Қызмет атқару барысында өзін жақсы жағынан, оң жағынан көрсеткен қызметкер. Өзінің жұмысына деген жауапкершілігі жоғары. Осы қызмет істеп келе жатқаннан бері өзін тек жақсы жағынан көрсетті.

Халық үшін жасаған ерлік ешқашан ескерусіз қалмайды. Ақпандағы арпалыста қайсарлығымен көзге түскен жас өрт сөндіруші Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Дегенмен ол бұл әрекетін батырлыққа баламайды. Тек азаматтық борышым деп балайды.

 

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы