loader


Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің жабылу салтанаты өтеді

Бүгін ЕХРО көрмесінің жабылу салтанатына арналған театрландырылған шоуға 2 мыңға жуық адам қатысады.

Шараны ұйымдастырушылар мерекелік кеште көпшілікті тәнті етеміз деп отыр.

Мұнда жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Бірақ бүгін көрменің соңғы күні болғандықтан, 3 ай бойы тамсанған шараны қимай жатқандары да байқалады. Мұнда мерекелік кеш басталып кетті. Түрлі өнер ұжымдары бар өнерлерін ортаға салып, көпшілікті тәнті етіп жатыр. Ал ЕХРО-ның жабылу салтанаты 1 сағаттан соң болады. Оған қатысу үшін мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері елордаға арнайы ат басын бұрды. Қазір шет елдерден келген ресми делегациялар мінген автокөліктер бірінен соң бірі ЕХРО алаңына келіп жатыр.

Көрменің жабылу салтанатында көпшілік назарына естен кетпестей театрландырылған шоу ұсынылады. Күрделі инженерлік, көркемдік және қойылымдық көріністер қолданылатын ауқымды Hi-Light Show графикалық проекциялар арқылы көрсетіледі. Гимнасттар биіктікте күрделі қозғалыстарды жасайды. Сахна декорациялары қайта-қайта өзгеріп, көрермендерге баламалы қуат көздеріне бағытталған қиял-ғажайып әлемге саяхаттауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар шоудың басты ерекшеліктерін құпия сақтауды жөн көріпті. Бірақ көптеген тосынсыйлар күтіп тұрғаны анық. Шара барысында болашақ энергиясына бағытталған ЕХРО көрмесі, онда қойылған «жасыл технологиялар» жан-жақты көрсетіледі. Кеш мұнымен бітпейді. Көрменің жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған концертте «МузАрт» тобы, Майра Мұхамедқызы, Марат Бисенғалиевтің симфониялық оркестрі мен «Отырар сазы» оркестрі және басқа да танымал ұжымдар өнер көрсетеді. Ал кеш соңында әдеттегідей Астана аспаны түрлі түске боялып, отшашумен көмкерілмек. Ол жөнінде мен алдағы сағаттарда айтатын боламын.

Құрметті көрермендер, ЕХРО көрмесімен қоштасуға асықпаңыздар. Халықаралық павильондарға кіру қазір 1 сағаттан соң тоқтатылады. Бірақ оңтүстік және батыс кіреберістері түнгі сағат 22:00-де қайта ашылып, түнгі 01:00-ге дейін көрмеге келушілерді қабылдайды. Көрме тек түнгі сағат 03:00-де жұмысын тоқтатады. Шара қонақтарының қауіпсіздігі үшін мұнда күніне 3 мыңға жуық тәртіп сақшысы мен жекеменшік күзет қызметі тартылса, бүгін Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның 500 әскери қызметкері қосымша жұмылдырылып отыр. Сондықтан қала қонақтары мен тұрғындарын соңғы рет ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауға шақырамын. Ал келе алмасаңыздар, көңіл-күйлеріңізді түсірмеңіздер. Біздің арнаны қосып, мұндағы қызықтарды қарай аласыздар. 

Айта кетейік, елорда төрінде өткен EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатын сағат 20:00-де «Хабар 24» арнасынан көре аласыздар!

Сондай-ақ...