371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс

  • 434
  • UPD: 15:49, 28.11.2018
Н.Назарбаев: Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс Stan.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендерді жетім балаларға қамқор болуға шақырды.

Бұл туралы ол Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз жақында тәуелсіздігіміздің 27 жылдық мерекесін өткізгелі отырмыз. Тарих үшін бұл түк емес. Осынау қас-қағым уақыттың ішінде қыруар қиыншылықтан өтіп, тәуелсіздігімізді, елімізді сақтап қалдық. Соның барлығы халықтың бірлігінің арқасы. Қоғамның әр саласында жүрген азаматтар тәуелсіздікті құрметтеп, оны сақтап қалу үшін біріге жұмыс істегенінің арқасында біз дүниежүзіне белгілі ел болдық. Бізді ешкім танымайтын қазақ едік. Дүниежүзінің кратасында жоқ Қазақстан едік. Қазір біраз дәрежеге жеттік. Бірақ атқарылар жұмыстар көп. Осы форумға шын жүрегіммен табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет пен қоғам арасында диалог орнатудың қажеттігін әр Жолдауында айтып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз - азаматтарымыз саналы болып, мәртебесі жоғары, дамыған қоғам құру. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек, барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Өркендеген, гүлденген отыз елдің қатарына ену - бәрімізге бірдей мақсат. Ол - үлкен мақсат. Сол елдер секілді өмір болады деген сөз, сол елдердегі сияқты сауатты боламыз деген сөз. Бұл форум үкіметтік емес секторға серпін беріп, азаматтық қоғамның ары қарай дамуына үлкен жол сілтейді деп сенемін. Бүгінгі басқосуда нақты ұсыныстар айтылып жатыр. Көтерілген проблемалардың бәрі мұқият сарапталып, Үкіметпен бірге ҮЕҰ өкілдерімен бірге тиісті бағдарлама қабылдау қажет», - деді Елбасы.

Президент бүгінгі форумда сөйлеген азаматтарды тілге тиек ете келе, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рақымбаев туралы айтты.

«Көптеген бизнесмендер көмек көрсетіп, қайырымдылықпен айналысып келеді. Аналар үйі, жетімдер - бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Қазақстанда Балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін. Ал ол (Айдын Рақымбаев - авт) қандай бағытта қозғалу керектігін көрсетіп отыр. Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын елге барып өссе де, ертең ол елін, жерін сағынады. Бірақ, олар бөтен адамдар болып келеді. Қолымыз оған тиген жоқ. Қаражатымыз болған жоқ. Мемлекет қиын-қыстау кезеңде жүрген кезде ол мәселені біз жіберіп алдық. Бірақ, өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақшылықта да «жетімге қол созсаң, жұмақтан шығасың» деген бар ғой. Сондықтан, өзінің екі-үш баласы бар адам тағы бір баланы сол балалар үйінен алатын болса, тек жақсылыққа кенеледі деп санаймын. Сондықтан, BI Grouр-тың жасап жатқан жұмыстарын өркендетуіміз керек», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті мінберге шақырып, аталмыш мәселеге қатысты сұрақ қойды. Өз кезегінде министр балалар үйінің саны соңғы үш жылда 24-ке азайып, 122-сі қалғанын атап өтті.

«Жетім балалардың саны жыл сайын 1000-1500 балаға азайып келеді. Қазір оларда көп жағдайда үлкен балалар қалғанын айта кету керек. Патронаттық отбасы жүйесін іске қостық. Ақшасын мемлекет төлейді. Процесс жылдам бола түсіп, екі жылдан кейін, біздің ойымызша, жетім балалардың саны 3-3,5 мың ғана қалуы тиіс. Соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге әкетілген жоқ», - деді Ерлан Сағадиев.

Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендерге осыған дейін үлкен қолдау көрсетілгенін, сол себепті дәулетті азаматтар өз халқына көмек көрсетуі тиістігін мәлім етті.

«Егер жарлылардың көңілі тоқ болмаса, байлар ары қарай байымайды» дейді. Сондықтан министрлік (Қоғамдық даму министрлігі) пен Президент Әкімшілігі осы бағытта жұмыс жүргізіп, Үкіметке бәрін жинауы керек деген ойдамын. Яғни, ақшасы бар іскер азаматтар адамдарға көмек қолын созатын үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсететіндей тетіктерді қарастыру керек», - деді Президент.

Осы категория бойынша: « Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум басталды Елбасы: Ата-ананы қарттар үйіне тапсыру ұлттық болмысымызға жат қылық »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы