376,49 406 5,86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз

  • 242
  • UPD: 18:32, 08.02.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел президенті қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек білдірді. Үкіметтік комиссия болған оқиғаның себебін анықтайды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматқа ортақ тілек деп санаймын. Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын. Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Президент Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берді. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылады. Мемлекет мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді деді Мемлекет басшысы.

Хабар 24 телеарнасы