423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде алдағы бес жылға арналған жаңа стратегиялық жоспар құрылатын болды

  • 223
  • UPD: 23:10, 21.10.2020

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы өтті, хабарлайды «Хабар 24».

Президент Кеңес шеңберінде реформалаудың маңызды бағыты бойынша алты жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына Кеңес мүшелерінен бөлек, лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйым өкілдері, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылардың кіру мүмкіндігі бар.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Мемлекет басшысы өткізген алқалы жиынға Президенттің кеңесшісі, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакрабарти, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов және шетелдік сарапшылар қатысты. Кеңес мүшелерінің алдында Қасым-Жомарт Тоқаев «алдымызда мемлекетіміздің даму стратегиясы мен тәсілін өзгерту міндеті тұр»,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде жетекші халықаралық қаржы ұйымдары соңғы 100 жылда болмаған дағдарысқа тап болды. Әлемдік экономика биыл 4,4%-ке қысқарады. Бұл – рекорд. Енді жаһандағы күрделі жағдай тез арада қалыпқа келеді дегенге күмән бар. Оның үстіне COVID тыйылмай тұр. Қайта күш алды.

Коронавируске қарсы дайындықты айтып, 9 айдағы экономикалық көрсеткіштерді баяндаған Үкімет басшысынан соң Сума Чакрабарти сөз алды. Сақа саясаткер экономиканы реформалауда аса тәжірибелі маман.

Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары:

- Құрметті Президент мырза! Сіз экономикалық өсімді қамтамасыз ету – халықтың табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жақсартуға байланысты екендігін айтқан едіңіз. Инвестициялық климатты жақсарта түсу де экономикалық өсімнің кепілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы, халыққа арнаған Жолдауыңызда осыған көңіл бөлдіңіз және цифрландырудың маңыздылығын атадыңыз. Бюджетті жергілікті органдардың өзіне беру керектігін айттыңыз. Осы аталғандарды аса маңызды бағыт ретінде қарастыру қажет.

Президент айтты. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарымыз бар. Бұл маңызды құжат тек экономиканы қалпына келтіруге темірқазық болып қоймай, негізі салаларды реформалауға септігін тигізуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әр шешімге сапалы сараптама жүргізіп отыру керек. Жедел әрекет етуде көрегенділік таныту қажет. Бірақ бұлар негізгі тәсіл емес. Нақты жағдайға байланысты шешім қабылдап, зерттеу жүргізу өз нәтижесін берері анық.

Бұл кеңестің жөні бөлек, жосығы ерек болуы керек. Құрғақ сөзбен қуырдақ қуыратын кез өтті. Президент «іске көшіңдер» деді. Бізде түрлі реформа әзірленеді. Тың өзгерістер алып келетін ұсыныстар айтылады. Бірақ соны жүзеге асыру – әлі де кемшін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ең алдымен мемлекеттік жоспарлау жүйесін өзгерту керек. Қысқа және ұзақ мерзімге бағытталған бағдарламаларды әзірлеудің жаңа тетігін енгізу қажет. Сала басшылары Реформалау жөніндегі жоғарғы кеңесте қабылданған шешімдерді дереу орындауға міндетті болады.

Елімізде алдағы 5 жылға арналған жаңа стратегиялық жоспар құрылатын болды. Бұл құжатты осыған дейін Үкімет мүшелері әзірлеген. Бірақ әлі де жетілдіру керек. Шикі тұстары бар. Кем-кетігін түзеуге кеңес мүшелері көмектесетін болды. Жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік қызметкерлері де осы іске жұмылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Стратегиялық жоспар құру үшін нақты деректерге сүйену керек. Сондықтан статистика жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлген жөн. Үкіметтік емес ұйым мүшелерінің пікірі де ескерілуі керек. Қоғам белсенділері ел арасында жүр. Сондықтан олардың пікірі біз үшін маңызды болады. Сондықтан оларды кеңес мүшелігіне қабылдауды ұсынамын.

Кеңес аясында бірнеше жұмыс тобы құрылатын болды. Біріншісі тиімді макроэкономикалық саясат жүргізумен айналысады. Олар қаржы секторындағы, салық жүйесіндегі олқылықтарды анықтаулары керек. Екінші топ сот жүйесін және құқық қорғау саласын реформалайды. Президент «сот әділ шешім шығарып, құзырлы орган өкілдері адал қызмет атқарғанда ғана бұқараның билікке деген сенімі артады», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмам бойынша «Әлеуметтік кодекс» әзірленіп жатыр. Бұл құжат билік пен бұқараны етене жақын қылады. Ел ішінде қордаланған мәселелерді дереу шешіп отыруға ықпалдасады.

Шикізатты шикі күйінде ғана сыртқа шығара бергенді доғару керек. Президент мұны тағы да қаперге салды. Сондықтан кеңеске қарайтын кезекті топ экономиканы түрлендіруге жауапты болады. Бұл ретте бизнес саласы көмескіленіп қалмауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнесті дамыту үшін жаңа әдістер керек деп айтқанмын. Бұрынғы тәсілдермен түрлендіре алмайсың. Кәсіпкерлік ілгерілесін десек, қолайлы орта жасауымыз қажет. Бизнес өкілдерінің мүддесі қашан да қорғалуы тиіс.

Президент айтқан жұмыс топтары небәрі бір айдың ішінде толық жасақталуы тиіс. Кеңестің кезекті отырысы жыл соңында өтеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Дастан Сейілханұлы, Бақытбек Нұртаев, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы