387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде кәсіпкер әйелдерге арналған форум ұйымдастырылды

  • 995
  • UPD: 18:51, 14.05.2017

Ақтөбеде 4 мыңнан астам шаруа қожалығы болса, оның 700-ге жуығына нәзікжандылар жетекшілік етеді.

Өңірдегі жеке кәсіпкерлердің 55%-ы іскер әйелдер. Қазір ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, әкімшілік кедергілерді жою – басты мәселе. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы арнайы форум ұйымдастырып, 200 кәсіпкер әйелдің басын қосты.

Облыс орталығына ең шалғай жатқан Ырғыз ауылының кәсіпкері Ботагөз Есентаева көрмеге қолөнер бұйымдарын алып келген. Көпбалалы ана бірнеше жыл бұрын шағын кәсібін ашып, тұрғындардан тапсырыс ала бастапты. Жергілікті билік бизнес-инкубатордан  орын бөліп, аяқтан тұрғанша жәрдем берген. Ботагөз жақында өз шеберханасын ашқалы жатыр.

Ботагөз Есентаева, кәсіпкер:

- Бизнес-инкубатордан бөлек шығып, кәсіпкер болуды қолға алып жатырмын. Көбіне наурыз айларында тойларға диадема, белдік, қазақы нақыштағы ою жасалған қазақы көйлектерге тапсырыс береді.

Гүлсара Нұрпейісова Қобда ауданынан келген. Оның кәсібі тіпті ерекше. Ауылдықтарға таңсық бөдене құсын өсіріп, жылына 100 мыңдаған жұмыртқа сатып отыр. Айтуынша, алғашында Ресейден 100 құс әкеліпті. Ісі оңға басқаннан кейін 700 бөденені бірден сатып алған. Қазір Қобда ауданын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Алдағы жоспары – облыс орталығындағы дүкендерге тасымалдау.

Гүлсара Нұрпейісова, кәсіпкер:

- Ауыл әйелдеріне бизнесін дамытуға, кеңейтуге осындай форумның көмегі өте қажет. Форумда әріптестер тауып, ары қарай бизнесті дамытуға мүмкіндік болып жатыр.

Өңірде 7 мыңнан астам ірі кәсіпорынның 22%-ын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлердің 55%-ын іскер әйелдер құрайды. Олар қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану саласында кәсібін дөңгелетіп әкеткендер. Көбі бизнесін облыс орталығында дамытып отыр. Ендігі мақсат – ауылдағы кәсіпкер әйелдердің үлесін арттыру.

Гүлбаршын Айдарханова, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

- «Қалай қалаға жеткіземіз, қалай сатамыз?» деген сұрақтар болып жатыр. Соның шешімін табамыз деп ойлаймын. Кәсіпкер әйелдерге бөлек бағдарлама болса екен.

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен 500-ден астам жоба іске асқан. Оның 23%-ын әйел адамдар ұсынған. Одан бөлек ауылдықтарға арналған бағдарламалар арқылы 13 кәсіпкер әйел нақты көмек алған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы