386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде егіс алқаптарын әртараптандыру процесі қарқынды жүргізіліп келеді

  • 707
  • UPD: 19:34, 16.08.2017

Елімізде бидай алқаптары азайғанымен, өнім көлемі мен сапасы өзгерген жоқ.

Қазір үнемделген 209 гектарға жасымық егіле бастады. Еліміз дақылдың бұл түрін өндіруден әлемдік көшбасшыға айналуды көздеп отыр. Жақында ғана агро-өнеркәсіп саласын дамыту бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл соның алғашқы нәтижесі.

Жыл басынан бері елімізде егіс алқаптарын әртараптандыру процесі қарқынды жүргізіліп келеді. Мұндай шешім жемшөп, қант, майлы дақыл тұқымы өндірісін шамамен 1 жарым есе арттыруға мүмкіндік берді. Отандық шаруалар бұл жаңашылдыққа қатысты оң пікірін білдіріп те жатыр.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– Қостанай облысының шаруалары осындай бағдарламаның жүзеге асып жатқанына алғыс айтып отыр. Олар егіс алқабын азайтқанымен, өнім көлемін арттырған. Көріп отырғанымыздай, бидай сапасы төмендеген жоқ.

Биылдан бастап үкімет тек жерді ғана емес, қазынадағы қаражатты да үнемдеуге кірісті. Бұл субсидия беру тәртібін өзгертуден кейін мүмкін болды. Министрлік өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, бюджетте үнемделген 25 миллиард теңге бар. Нәтижесінде бұл қаржыға қол жеткізгендер саны да 3 есе артты.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Бұрын инвестициялық субсидияландыруға қойылатын талап өте жоғары болатын. Яғни ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін шағын шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмайтын. Мәселен былтыр 12,3 млрд теңге көлеміндегі субсидияның 49 пайызын ірі шаруа қожалықтары алған. Бұл қатысушылардың небары 2 пайызы ғана. Яғни мемлекеттік қолдаудың тең жартысы соларға үйлестірілді.

Субсидия беру жүйесіндегі өзгерістер бидай сапасын жақсартуға да әсер етті. Мәселен бұған дейін мемлекет тарапынан жеңілдік тек алғашқы репродукция тұқымдарын сатып алуға ғана берілетін. Қайрат Айтуғановтың айтуынша, енді субсидия арқылы жоғары сапалы тұқымдарға да қол жеткізу мүмкін.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– 2011 жылы тексеріс жүргізілгенде, бидай дәндерінің сапасы 88 пайызға тең болған. 5 жылдан кейін ол 2 есе төмендеп, 44 пайызды құрады. Бұл қателікті жою үшін тиісті шешім қабылданды. Нәтиже бар.

Алынған өнімді сату мәселесі де шаруаларды алаңдатып отыр. Бірақ қазірдің өзінде Азық- түлік корпорациясы арпа мен бидайды сатып алатыны белгілі. Арпаның тоннасы 37 мың теңге болса, бидай бағасы тек күзге жақын анықталады.

Авторлары: Дариға Ташенова Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы