384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы диқандар астықты шетелге жөнелте алмай отыр

  • 405
  • UPD: 20:35, 04.12.2018

Саудада достық жоқ дегенмен өзіңдегіні пұлдап, өзгеден қажетіңді алмай тұрмайсың. Биыл Ертіс өңірінің астық өндірушілері шетел нарығына шығуға мықтап бекінді. Көрші өзбек және Қытай елдеріне 21 мың тонна бидай, арпа және күнбағыс жеткізу жөнінде келісім-шарт жасалған. Бірақ фермерлердің қуанышы көпке созылмады.

Себебі жердің ебін тапқан еңбеккерлер экспорттық міндеттемелерін орындай алмай отыр. Дайын өнімді діттеген жерге жеткізуге вагон жоқ.

Сары алтынды кептіріп, сақтауға арналған объектінің жұмысына 40-тан астам шаруа қожалығы қарап тұр. Күзде шашпай-төкпей жинаған өнімдерін тапсыруға келген олар төрт күн бойы кезекте тұруға мәжбүр. Себебі, астық таситын теміржол көлігі жоқ. Астық сатылмаса, шаруалар миллиондаған шығынға батады.

Балғабай Бәкішев, шаруа қожалығының басшысы:

– Кредит менде қазір 42 млн теңге және лизингтік жүктемелер 30 млн. тұр алдымда. Мына жерде бидайымыз жатыр, 3,5 мың тонна ячмень, арпа. 700 тонна және шемішке 150 тонна. Соған отправка жасауға шетелге вагон жоқ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Қалқаман элеваторының өндірістік қуаттылығы 26 мың тонна. Қазіргі таңда нысанның қоймалардың барлығы астыққа толы. Басқа орын жоқ. Ал элекватордың сыртында астық тиелген ондаған көлік кезек күтіп тұр. Мамандардың айтуынша, сары алтынды уақытында кептірмесе, оның барлығы бүлініп кетуі мүмкін.

Элеватор қуаттылығынан артық арпа-бидайды қабылдап, кептіре алмайды. Ал астығын тапсыруға келгендердің қарасы қалың. 

Ерлан Тоқтұшақов, Қазақстан фермерлер одағының облыстық филиалының төрағасы:

– Бірінші, штрафтной санкция болады. Неге десеңіз, контракт қой. Екіншіден, негізі өзекті мәселе бізбен ешкім жұмыс істемейді. Айтады ғой, олар өзінің алған міндеттерін орырдап, жібермейді. Содан кейін қалай біз жұмыс істейміз?

Тасымалға жауапты мамандардың айтар уәжі бар. Теміржолшылардың сөзінше, өзбек нарығы отандық астыққа қызығушылық танытқанмен, екінші тарап жүк көліктерін уақытында қайтаруға үлгермей жатыр. Қазіргі уақытта кептелісте тұрған жүк вагондарының саны жүздеп саналады.

Дәулетбек Нығметов, «ҚТЖ жүк тасымалы» АҚ Павлодар филиалы бөлімшесінің директоры:

- Қазіргі таңда Өзбекстанда 331 дәнді-дақыл таситын  көлік пен 1410 жабық вагон тұралап қалған. Жабық вагондардың 700-і 10 күн бойы тоқтап тұр. Оған қоса, бүгінде елімізде астық  тиелген 760 жабық және 792 жүк көлігі кезектерін күтіп тұр. Көрші елдегі әріптестеріміз өнімді уақытында қабылдай алмай отыр. Бар мәселе осында.

Мамандардың айтуынша, дәнді-дақылдар Өзбекстанда дер кезінде жеткізілмесе, айыппұл санцияларынан бөлек, шетелдік тұтынушылар қазақ астығын алудан үзілді-кесілді бас тартуы ғажап емес. Салдарынан, 1 млрд. теңгеден астам экспорттық міндеттемелер орындалмай қалуы мүмкін.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы