378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде былтыр өз ісін бастаған кәсіпкер тұтас ауданның тапсырысын орындап отыр

  • 319
  • UPD: 20:21, 22.12.2018

Ақтөбеде де кәсіп қылам деген жандарға қолдау бар. Оларға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қолжетімді несие беріледі. Мамандардың айтуынша, қала тұрғындарының белсенділігі жоғары.

Өткен жылы өз ісін бастаған Қайрат Төлеубаев бүгінде тұтас бір шағын ауданның тапсырысын орындап отыр. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен 6 млн теңге несие алыпты. Қалалық жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлік негіздері курсына жолдама берген. Осылайша бұрын жоғарғы оқу орнында ұстаз болған ол кәсіпкерлікке ден қойған.

Қайрат Төлеубаев, кәсіпкер:

- Алған тәжірбиеммен жұмыс жасап жатырмыз тапсырыс бойынша. Қазір енді халықтың сұранысы жақсы. Өйткені қазір қаланы үлкейту мақсатында, халық санын млн-ға жеткізу мақсатында көптеген бағдарламамен үйлер салынып жатыр. Соларды ас үй жиһазымен қамтамасыз ету мақсатында өз қолғабысымызды тигізіп, қызметкерлермен бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Кәсіпкер 2 адамға тұрақты жұмыс берді. Жақында тағы 2 жұмысшы алмақшы. Себебі күн санап тапсырыс көбейіп жатыр. Жиһаз жасауға қажетті материалды жергілікті зауыттан және көршілес Қостанай облысынан алады. Айтуынша, бұл салада бәсекелестік өте жоғары. Алайда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргендіктен қоныс тойы көп. Жаңа үйге көшкендердің көбі алдымен жиһазын жаңартады.

Жалпы биыл Ақтөбе облысынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 13 мыңнан астам адам қатысқан. Олар түрлі бағыт бойынша нақты қолдау тапқан. 885 адам қайта даярлау курсынан өтсе, 170 тұрғын әлеуметтік жұмысқа орналасқан.

Гүлзәбира Бейсенбаева, қалалық жұмыспен қамту орталығының бас маманы:

- «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 81 адамға 700 млн астам қаражат бөлінді. Жүк тасымалына, дүкен ашуға, қызмет көрсету саласы бойынша несиелер беріліп жатыр.

Бұдан бөлек қысқа мерзімді курсты тәмамдаған 18 кәсіпкер «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 2,4 млн теңге грант алған. Өткен жылы қала маңындағы ауылдық округтерде 20 –дан астам тұрғын бизнес бастап, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы