389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Онлайн режимдегі касса апаратын орнатқан кәсіпкерлерге салықтан жеңілдік жасалады

  • 160
  • UPD: 17:04, 17.09.2019

Президент тапсырмасына сәйкес елімізде микро және шағын бизнес саласындағы компаниялар табысқа салынатын салықтан үш жылға дейінгі мерзімге босатылмақ.

Өткен жылы шағын және орта бизнес саласы есебінен ел бюджетіне түскен табыс салығының көлемі 190 миллиард теңгеге жеткен. Соның ішінде 1,7 миллиард теңге Батыс Қазақстан облысының еншісінде. Мамандардың болжамы бойынша келер жылы аймақта бұл көрсеткіштің көлемі 1,9 миллиард теңгеге ұлғаюы тиіс болатын. 

Микро және шағын бизнес нысандарын табыс салығынан босату кімге тиімді? Бұдан бюджеттің бүйірі ортаятыны өз алдына, 3 жылға дейінгі мерзімге тексерістердің тоқтайтыны да біраз сұрақтың туындауына түрткі дейді сарапшылар. Бұл ретте бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілуінен бөлек тұтынушылар алдындағы жауапкершілігі де жоғарылай түсуі қажет. Яғни президент атап өткендей, мораторий кезеңінде тексеруші органдардың орнын қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру арқылы толтыруға негіз барі. 

Айгүл Түркина,  қоғам қайраткері:

-  Қазіргі таңда шағын бизнестің әлеуметтік сипаты басым. Әрі мемлекет белгілі бір салық төлемдеріне қатысты осындай шараларға баруы жергілікті бюджет үшін тиімді еместігін түсінеміз. Ал өз ісін енді ғана бастаған микро және шағын бизнес үшін бұл өте қолайлы жағдай деп санаймын. 

Президент өз жолдауында «бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады» деп атап көрсетті. Осы арқылы жауапкершілікті арттырумен қатар шағын бизнеске түсетін ауыртпалық азайтылмақ. Кәсіпкерлер өз кезегінде салық жүйесінде бұған дейін қолға алынған шаралардың өз жемісін бергенін айтады.

Нұртас Салдыров, кәсіпкер:

- Кәсіпкерлерге айыппұл мен өсімпұлды кешірім жасап жатыр, ол үлкен кәсіпкерлерге қолдау деп ойлаймын. Көп кедергі көріп жатқан жоқпыз, тек қана кәсіпкелердің өз сауаттылығын көтеру қажет. Интернетпен жұмыс жасау, интернет арқылы төлеу деген сияқты, сондай жағынан үйренсе сонда өсім ештеңе болмас еді. Өздерінің интернет арқылы салықтарын тесеріп тұрса уақытында.

Шағын және орта бизнес саласы бойынша өңірде 52 мыңдай салық төлеуші тіркелген. Соның ішінде салықтық рақымшылық жасалатын шағын және орта бизнес нысандарының саны 2 мыңға жуықтайды. Олардың салық түріндегі бережағының көлемі 3 миллиард теңгеден асады. Ал кешірілетін өсімпұлдардың жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге. Бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек дейді мамандар. 

Тимур Төлепов, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Яғни негізгі бережақтарын толықтай төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдары толықтай шегеріледі. Сонымен қатар мына онлайн режимде бақылау кассалық аппараттарын сатып алатын кәсіпкерлеріміз өздерінің жеке табыс салығынан 50 пайызға дейін жеңілдік алады.  

Айта кету керек, мұндай рақымшылық 700 миллион теңге салықтық берешегі бар 70 мыңдай жеке тұлғаға да жасалады. Бүгінде өңірде мың жарымнан аса салық төлеуші бюджет алдындағы 41 миллион теңге қарызын өтесе, соның 17 миллионы акция аясында кешірілген. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы