419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі үздік кәсіпорындар анықталды

  • 1279
  • UPD: 20:18, 13.12.2019

Елімізде соңғы 10 жылда 1000-нан аса кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Өңдеу саласында өндіріс көлемі 3 есе артты. Қазір қазақстандық тауарлар әлемнің 120 мемлекетіне тасымалданады. Бұл туралы бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев индустриаландыру күніне арналған салтанатты шарада айтты. Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын да марапаттады.

Бұл – бүгін елордада өткен индустриаландыру күнінде мәртебелі марапат алған бизнес қауымдастық өкілдері. Өндіретін өнімдері сан алуан. Соның ішінде әсіресе жеңіл өнеркәсіп бұйымдары көп. «Қазақстанның үздік тауары» таңба-белгілерінің бір парасы биыл осы сала кәсіпкерлеріне бұйырды.

Ақиқаты сол, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін тек шикізат өндірісімен айналысып келді. Бұл ретте, өңдеу ісі көлеңкеде қалғаны мәлім. Дегенмен, соңғы жылдары жағдай өзгерді. Индустриаландырудың екі бесжылдығында 1030 кәсіпорын іске қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бизнес өкілдерінің еңбегін елеусіз қалдырмайды. Бұл ретте, Индустриаландыру күнін атап өту жақсы дәстүрге айналды.

Қазақстандық тауарлар қазір әлемнің 120-дан аса еліне экспортталады. Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай және Еуропа – негізгі тұтынушы нарықтар. Тек шикізат емес, дайын өнімдер де жөнелтіледі. Осы өңдеу саласына тартылған тікелей инвестиция кейінгі 10 жылда 34 млрд АҚШ долларына жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өңдеу саласындағы экспорт өнімдердің көлемі үш есе артып, 165 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы 8 жылда сыртқы нарыққа 85 түрлі жаңа өнім шығарылды.

Металлургия секторында да дайын өнім өндірісі басталды. Титан құймалары мен қорытпалары шығарылып келеді. Ал автомобиль өндірісі бірнеше есе артты. «Елімізде сатып алынатын әрбір екінші көлік қазір – отандық», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындар санын 200-ге жеткізу керек. Үкімет пен атқарушы органдар орындай алатын міндет деп ойлаймын. Соның нәтижесінде өндірістерді смарт жүйесіне көшіре аламыз. Яғни, автоматтандыру мен роботтандыру міндеті толық жүзеге асады.

Президент өндіріс пен экономикада әлемдік сын-қатерлерді ескеру қажеттігін де айтты. Себебі, дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаларына қарсы сауда соғысы белең алып барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2020 жылы индустриаландырудың үшінші бесжылдығы басталады. Біз экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібінің даму бағытын айқындадық. Бұған дейін осы салада жіберілген кемшілік енді қайталанбауы тиіс. Экспортты арттырып, сапалы жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға тікелей әсер ететін индустриалды саясат жүргізуіміз қажет.

Мемлекет отандық бизнестің дамуына қаншалықты қолдау көрсетсе, кәсіпкерлік құрылымдар да халықтың әл-ауқатын жақсартуға соншалықты үлес қосуы тиіс. Осы үдеден шыққан компанияларға биыл да Президенттің «Парыз» сыйлығы табысталды. Бас жүлде «Еуразиялық топ» кәсіпорнына берілді. «Парыз» байқауының үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын аталымында  «Абзал и К»серіктестігі жеңіске жетті. Кәсіпорынның Қызылорда облысында күріш өңдейтін екі зауыты бар. Өнімдері алыс-жақын шетелге экспортталады. Есесіне компания ауылдарды абаттандырып, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.

Мағжан Ералиев, «Абзал и К» компаниясының директоры:

– Үш жыл ішінде 100 млрд тг жұмсалды.  Мұражай салынды. Мектеп салынды. Балабақша күрделі жөндеуден өтті. Түлектерімізді оқытамыз.

Қарағандыдағы «Бёмер Арматура» серіктестігі болса, «Алтын Сапа» сыйлығымен марапатталды. Әрі үздік индустриалды жоба атанды. Сол секілді қызылордалық тағы бір кәсіпорын күкірт зауыты инновациялық қондырғыларды енгізіп, өндірісті автоматтандырғаны үшін Алтын сапаны еншіледі.

Мадихан Бекжанов, зауыт директоры:

– 2012 жылы өнім шығара бастадық. 280 адам жұмыс істейді. Барлық аймақтан жинадық.

Республикалық «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының өзге де жеңімпаздары бар. Арасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жетерлік. Мұндай құрмет бизнес қауымдастық өкілдерін ынталандырып, отандық өндірісті дамытуға жетелейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы