420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Былтыр ел қазынасынан бөлінген 400 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

  • 234
  • UPD: 21:37, 10.06.2020

Бұл арғы жылмен салыстырғанда бақандай 3 есе көп сома, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Мәжілісте Есеп комитетінің төрағасы ақшаны алуын алып, оны дұрыс жарата алмаған министрліктерге шүйлікті.

Министрлер бюджеттен бөлінген әр тиынға жауапты. Қаржыны сұраған кезде бар дәлелін айтып, жоспарын көрсетіп, сөзіне сендіретін атқамінерлер есеп бергенде күмілжи бастайды. Есеп комитеті төрайымының айтуынша, былтыр 400 млрд теңгеден аса қаржы тиімсіз жұмсалған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Қазір әлем елдері 60 жылда болмаған экономикалық дағдарысқа ұшырауы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан қазына қаржысына сұрау болады. Ал шикізаттан түсетін кіріс барлық қажеттілікті жаппауы мүмкін. Былтыр 211 нысанға 22 аудиторлық тексеру жүргізіліп, 14 млрд теңгенің дұрыс жұмсалмағаны анықталған.

Наталья Годунова, бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

– Бұл мемлекеттік органдардың және бюджетті орындайтын министрліктердің қызметі түбегейлі өзгеріп, сапасы төмендеді дегенді білдірмейді. 2015 жылы қабылданған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі заңның нәтижелі іске асып жатқанын көрсетеді. Біріншіден, аудит жүргізілген нысандар көбейді. Яғни кеңінен қамтыдық. Және біз тиімділік тұрғысынан сараптама жасауға көңіл бөлдік.

Ақшаның мақсатсыз жұмсалғанына бір мысал. Ауаны бақылауға берілген ақша суға жұмсалған. Яғни экологиялық мониторинг жүргізу үшін 2 млрд теңге бөлінген. Алайда бұл салада даму байқалмайды-дейді депутат Ирина Унжакова. Тіпті ахуал ушыға түскен. Қыруар қаржы бөлінсе де, атмосфералық ауаның сапасын бақылайтын бекет саны қысқарған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бөлінген ақшаның «Қазгидромет» қызметін қаржыландыруға жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ трансшекаралық өзендерде гидротехникалық құрылғыларды көбейтіпті. Ал ауа сапасын бақылауға тағы қаржы сұрамақ. Бірақ депутаттар мұны қолдамады. Халықты жұмыспен қамтуға арналған «Еңбек» бағдарламасынан да олқылық анықталған.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасында қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыруға және грантпен қамтамасыз етуге Ұлттық қордан 47 млрд теңге бөлінді. Осы қаржыны игеру 76 пайызды құрады. Дегенмен 11 млрд теңге игерілмей қалды. Бұл жөнінде микрокредит беру жоспарының толық орындалмағанын айтқым келеді. Жоспардағы 19 мыңның орнына 17, 7 мың кредит берілген. Ал кезекте тұрғандар 50 мыңнан асты.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Екінші жарты жылдықта ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілмей қалғаны 90 процентіне дейін қысқа мерзімді оқытуға бөлінген. Бұл туралы былтыр ғана емес алдағы жылдары да депуттатардың тарапынан, есеп комитетінің тарапынан көптеген сын айтылған. Біз жаппай оқытамыз. Ертеңге күні жұмысқа орналасу деңгейі төмен. 50 процент болып жүрді. Былтыр 70 процент болды. Сондықтан Үкіметте қайтып қарадық. Сөйтіп, «Еңбек» бағдарламасына өзгеріс енгіздік қарашада.

Еліміздің бас қаржыгері жақында ғана тағайындалған министр Ерұлан Жамаубаев былтырғы бюджет қаржысына атқарылған жұмыстарды тізді. Бюджеттің шығыс есебінен 344 бюджеттік бағдарлама, 13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылған. Министрдің айтуынша, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттерін орындаған. Былтыр республикалық бюджеттің түсімі 10 трлн теңгеден асқан. Шығысы 12, ал тапшылық 1, 3 трлн теңге.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өкінішке орай, өткен жылы республикалық бюджеттің 30 процентін Ұлттық қордың трансферттері қалыптастырды. Бұл ағымдағы экономиканың кемшілігімен қатар, мемлекеттік органдардың мемлекет қаражатына әлі күнге дейін ысыраппен қарайтынын көрсетуде. Шикізат және басқа да салалардағы салық базасын кеңейту қажет. Бірақ бюджеттік ресурстардың қалыптасқан жағдайы аталған жағдайды іске асыруға мүмкіндік бермей отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының пайдасын көретін сол бір компаниялар мен қаржы секторы болып отыр.

Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға дәнігіп алдыңдар деген депуттардың сөзіне қаржы министрінің жауабы дайын. Оның айтуынша, былтыр қорға 4,5 трлн теңге түскен. Ал басқарудан түскен инвестициялық кіріс 1,6 трлн теңге. Бюджет кодексіне енгізілетін өзгертулер қордың жинақтау функциясын күшейтуге бағытталады дейді министр. Сондай-ақ квазимемлекеттік субъектілердің шотындағы игерілмеген қаржыны қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Күні бүгінге 9 млрд теңгеге жуық ақша қайтарылыпты. Ал депутаттардың бюжетті жоспарлау жүйесі қашан түзеледі деген сауалына бұрыңғы қаржы министрі жауап берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Біз Бюджет кодексіне арнайы түзетулер жобасын әзірледік және ол жақын арада Парламенттің қарауына ұсынылады. Қазіргі жағдайға тоқталсақ, бізде Бюджет кодексі бойынша алдымен лимиттер айқындалып, содан кейін келесі кезеңде мемлекттік органдардың стратегиялық жоспарлары бекітіледі. Біз осы тәжірибені өзгерткіміз келеді, яғни бастапқыда басымдықтарды, қол жеткізілетін соңғы нәтижелер көрсеткіштерін айқындап, соның аясында қажетті қаржы бөлген жөн.

Мәжіліс депуттаттары бірнеше министрліктің жұмысынан шикілік тапты. Мысалы, ақылы жолдарға бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын сұрады. Білім саласындағы олқылық та айтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі де жаңа жұмыс орындарын құру үшін қыруар ақша алған. 

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Есепте жобаны қаржыландырғаны, бірақ осы 264 жобада 357 жұмыс орыны құрылғаны атап өтілген. Яғни бір жобаның нәтижесі 1 жарым жұмыс орынын құру болып отыр. Сонда бәріне 84 млн теңгеден жұмсалды ма?

Сапархан Омаров, ҚР ауылшаруашылығы министрі:

– 30 млрд теңге 2019 жылы бөлінген. Бұл бөлінген ақшаны 270 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кредит алды. Негізгі мақсаты – 2019, 2020, 2021 жылы бар осы кішігірім жобаларды іске кіргізу. Қазір сіз айтқан 357 орын бұл бастапқы этапта құрылған орындар.

Депутаттар ірі бизнес нысандарына салықтық жеңілдік жасаған кезде мемлекеттің де мүддесін ұмытпауды тапсырды. Себебі бюджет салықтан қағылады. Осы орайда Қаржы министрі мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін тиісті шаралар әзірлеп жатқанын жеткізді

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Мемлекеттік бюджеттің тиімді болуы тек қана бөлінген және игерілген қаражатқа байланысты емес. Ол қаржы нақты экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешіп, халқымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал етуі керек. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында да алға қойған негізгі міндеттің бірі. Сондықтан бюжеттің әрбір тиыны қайда жұмсалғаны алдағы уақытта да депутаттық корпустың бақылауында болады.

Жалпы ел бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Есеп комитеті басшысының айтуынша, еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығы жақсарған. Мұнайға тәуелділікті төмендету соңғы 10 жылда айтарлықтай өзгермеген. Халықтың табысы 5,5 процентке өсті. Алайда табысының тең жартысын азық-түлік алуға жұмсайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10 процент көлемінде ғана. Ал мемлекеттік қарыз мөлшері қауіпсіз деңгейде.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы