425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Венесуэладан береке неге кетті?

  • 1422
  • UPD: 20:35, 25.01.2019

Венесуэланың Президенті Мадуро елде демократия орнатуға жол беріп, биліктен бас тартса, оған амнистия жарияланады.

Бұл туралы Венесуэланың оппозияция жетекшісі кеше ғана өзін өзі елдің уақытша Президенті ретінде жариялаған Хуан Гуаидо телеарна арқылы берген сұхбатында айтты. Айта кетерлігі, өзін Президент деп жариялап, көпшіліктің алдына шыққан Гуаидо сол жиыннан кейін бойын тасалады. Қазір оның нақты қайда екенін ешкім білмейді. Мадуро мен оның жақтастарынан жасырынып, Гуаидо өзінің қауіпсіздігін алдын ала ойластырған сыңайлы.

Қазір Венесуэланың экономикалық жағдайы онсыз да тұралап тұр. Осы бір саяси төңкерістің соңы неге апарып соғуы мүмкін?

Сарапшылар Венесуэладағы жағдайды жіті назарында ұстап отыр. Саяси теке-тіресте кімнің жеңіп, кімнің жеңіліс табатынына байланысты елдің сыртқы байланысы мен экономикалық даму бағыты да солай қарай бейімделеді.

Венесуэладағы үкіметке қарсы өтіп жатқан жаппай наразылықтың бүгін – төртінші күні. Мадуроның саяси режиміне көңілі толмайтындардың 364 тұтқынға алынды. Бұған дейін хабарлағандай, 16 адам полициямен қақтығыста көз жұмған. Бейберекетсіздік салдарынан онсыз да тұралап қалған инфрақұрылымға нұқсан келді. Экономикалық жағдайы шатқаяқтап, халықтың әл-ауқаты нашарлаған тұста Николас Мадуро дағдарыстан шығар жолды табуға уәде берген еді. Алайда, сеніміне селкеу түскен халық бұдан арыға шыдамайтынын аңғартты.

Сиро, наразылық шарасына қатысушы:

– Бұл күрестің ұзаққа созылатыны белгілі. Бізді үкімет бұған дейін талай басып келді. Алайда елде өзгеріс орнамайынша, біз көшеге шығып, наразылығымызды білдіруден шаршамаймыз. Әрине, халықтың үкіметке, ал үкіметтің халыққа ызалы екенін түсінеміз. Қорқыныш та жоқ емес, оның үстіне халықаралық қысым бар.

Расымен, халықаралық қауымдастық Венесуэладағы жағдайды жіті назарында ұстап отыр. Саяси билік үшін таласта қарапайым халықтың зардап шегетіні белгілі. Өзін өзі Президент етіп жариялаған Хуан Гуаидоның Мадуроны тақтан ығыстыратын ешбір тетігі жоқ. Әскер Мадуроға бағынады. Саясаттанушылардың пікірінше, Гуаидоның азаматтық соғысты тұтатудан өзге амалы болмай тұр. Аньхой университетіндегі Латын Америка институтының директоры Фань Шеннің айтуынша, іс бұдан әрі де насырға шауып, Венесуэланың жағдайы тіпті нашарламақ. Оның бұл сөзін сарапшы Фернандо Капабланка да қостайды.

Фернандо Капабланка, «Whitecap» консалтингтік компанияның басқарушы директоры, Латын Америкасы бойынша сарапшы:

– Қос бірдей Президенті бар Венесуэланың жағдайы қазір мүшкіл. Мәселе жуық арада шешіледі деп ойлаймын. Себебі екі Мемлекет басшысы бар халық мұндай түрімен ұзаққа бармайды.

Капабланканың пікірінше, Венесуэладағы саяси оқиғаның өрбуі бірнеше факторға байланысты. АҚШ дипломаттарының Венесуэладан кетуден бас тартуы, Мадуроның армия қолдауынан айырылуы не болмаса оның билікте қалуы, осының бәрі түрлі нәтижеге алып келетіні анық. Мәселен, Мадуро билігін сақтап қалса, АҚШ Венесуэлаға қарсы мұнай санкцияларын салуы мүмкін. Соңғы сценарий, елге соққы болып тимек.

Хелима Крофт, RBC Capital Markets ғаламдық шикізат нарығы бойынша стратегиялар бөлімінің жетекшісі:

– RBC Capital Markets 2019 жылы Венесуэланың мұнай өндірісі күніне 300,000 баррельден 500,000 баррельге дейінгі күрт төмендейді деген болжам жасап отыр. Егер Трамп әкімшілігі энергетикалық санкциялар салатын болса, онда бұл көрсеткіштердің мыңдаған баррельге дейін жетуі ғажап емес.

Хелима Крофтың пайымдауынша, Венесуэлаға қарсы санкция әлемдегі мұнай нарығына да кесірін тигізеді. Яғни онсыз да сызат түскен ОПЕК пен АҚШ-тың ара қатынасын суытып жібермек. Венесуэладағы саяси дағдарыс ресейлік «Роснефть» компаниясына теріс әсерін тигізді. Себебі аталған компанияның Венесуэламен бес бірдей мұнай жобасы жұмыс істеп тұр. Әрқайсындағы Ресейдің үлесі 40 процентке дейін жетеді. Елдің билігіне талас «Ростнефть» акцияларының өсімін осыдан бір ай бұрынғы деңгейге түсірді. Оның үстіне, компанияға тиесілі қаражат қайтпауы мүмкін деген де болжам бар.

Дмитрий Маринченко, Fitch халықаралық агенттігінің табиғи ресурстар және шикізат тауарлары жөніндегі бөлім директоры:

– Венесуэлада биліктің алмасуы әбден мүмкін. Бұл кезде Венесуэла мен Ресеймен арадағы «Роснефть» пен PDVSA келісімшарттары қайта қаралады. Сонда «Роснефть» 3 миллиард доллар көлемінде төленуі тиіс қарызын қайтарып ала алмауы ықтимал.

Сондықтан Ресей тарабы Венесуэладағы жағдайдың тездетіп тұрақтанғанын қалайды. Жасыратыны жоқ, билікте АҚШ қолдайтын Хуан Гуаидо емес, Мадуроның қалғаны тиімді. Сондықтан Кремль Венесуэланың ішкі мәселесіне араласқан АҚШ-тың құйтырқы әрекетін ашық түрде айыптады. Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі ресми мәлімдемесінде Американың үкіметтік «Шатдаунға» қатысты шаруасын тындырмай тұрып, сырттағы Венесуэла мен Сирияның ішкі мәселесіне араласуын құп көрмейтінін жеткізді.

Венесуэладағы саяси дағдарысты еңсеру үшін Николас Мадуро жақтастарымен кездесіп, диалог құруға әзірленіп жатыр. Алдымен ол Мексика мен Уругвай Президенттерімен кездесуі мүмкін. Осылайша, Мадуро 2013 жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатқан көрші елдердің қолдауына сенім артатын сыңайлы.

Хабар 24 телеарнасы