383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада электрондық шылымды тарату саясатына тексеріс күшейтілмек

  • 331
  • UPD: 08:49, 04.03.2019

Украина депутаттары мен қоғам белсенділері электронды темекіге салықты көбейту керек деп дабыл қағуда. Осы аптада Жоғарғы Рада депутаттары тиісті заң жобасын талқыламақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжат қабылданып жатса, елде электрондық шылымды тарату саясатына тексеріс күшейтілмек.

Украинада электрондық темекі бұйымына акциз, яғни жанама салық салынбайды. Және мұндай темекінің жарнамасы әсіресе, интернет желісінде өріп жүр. Ең өкініштісі сол, елде электрондық темекінің сыртында «адам ағзасына зиян» деген ақпарат көрсетілмейді және ондағы никотин сұйықтығының құрамы да мемлекет қадағалауында емес. «Темекі бұйымына қатысты Украина заңы өзгерту мен толықтыруды қажет етеді», - дейді Жоғарғы Рада депутаты Наталья Веселова.

Наталья Веселова, Украина Жоғарғы Радасының депутаты:

- Электрондық темекі Украина нарығында өзін еркін сезініп жүр. Мұндай темекі түріне қолданатын қоспаға да қадағалау аз. Сертификат пен лицензия жоқ. Қоспаның құрамында есірткі жүрсе де, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өйткені үкіметтік тексеру жұмысы шикі және жүйесіз. Сондықтан біз заң жүзінде электрондық шылымды темекі бұйымының бір түріне жатқызып, қосымша құн салығын көтеруді талап етеміз.

«Электрондық темекінің сатылымына да қатаң тәртіп жоқ», - деп дабыл қағады қоғам белсенділері. Сондықтан «түтінсіз» шылымның бұл түріне Украина жастары үйір болып жүр. Киев қалалық Денсаулық орталығының бас дәрігері Отта Стойканың айтуынша, «зияны аздау» деп айтылатын жарнама да шындыққа сай келмейді.

Отто Стойка, Киев қалалық денсаулық орталығының бас дәрігері:

- Көптеген зерттеу орталықтары электрондық темекінің адам денсаулығына зиян екенін дәлелдеді және оған әсіресе, жастардың бойы тез үйренеді. Сондай-ақ, «электрондық темекінің зияны айтарлықтай аз» деген жарнаманың дәурені жүріп тұр. Осы жарнамаға сенген жастар шылым тартудың құрығына оңай түсіп қалып жүр.

2018 жылы Украинада қоғамдық ұйым мен денсаулық орталығының дәрігерлері «сенім телефоны» жобасын қолға алыпты. Кез келген адам осы жерге хабарласып, темекіні тастау туралы ақысыз кеңес ала алады. Бір жылдың ішінде мыңнан астам адам психологтың көмегін алған, оның 12% осындай кеңестен кейін темекіні мүлдем тартпайтын болған», - дейді дәрігер Отта Стойка. Айтуынша, бұл жобаны мемлекеттік деңгейде көтеру қажет және жасөспірімдерге электрондық шылымның өте зиян екенін ескертіп, қорап сыртына адам үрейін алатын қорқыншы суретті міндетті түрде жапсыру қажет.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы