384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда қайыршылықпен айналысқан адамдарды жауапқа тартатын заң жоқ

  • 79
  • UPD: 11:00, 12.07.2019

Гүржі тілінде «қайыршылар» ұғымы қаншалықты жұмсақ естілсе, қоғамның да оларға деген қарым-қатынасы дәл сондай екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни жұрт алақан жайып отыратындарға көбіне көз алартып емес, керісінше жанашырлықпен қарайды екен. Сондықтан болар, Грузияда қайыр сұрау бүгінде бизнеске айналған. Тек өткен жылдың өзінде Тбилиси көшелеріндегі қайыршылар санының күрт артқаны соншалық, Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүр қалған. Бір қарағанда мәселе шешілгендей көрінгенімен, түптеп келгенде түк те олай емес екен. Сонымен қайыр сұрап жан бағатындар кімдер?

Әдетте қайыршылар өздері отыратын жерді таңдауға келгенде аса мұқияттылық танытады. Олар ірі қалалардағы адам iзi үзiлмейтiн, жаяу жүргiншiлер көп жүретiн қоғамдық орындарды паналайды.

Майя Мгелиашвили, балаларды қорғау бағдарламасының менеджері:

- Қайыр сұрау – елдің экономикалық әрі әлеуметтік жағдайын көрсететін күрделі құбылыс. Жалпы қайыршылар бірнеше топқа бөлінеді. Яғни, психологиялық проблемалары бар адамдар, маскүнемдер және асыраушысы болмаған соң, күндік нанын көшеден тауып жүрген қарттар мен балалар. Қайыршылар қатарына сондай-ақ қоғамдық орындарда өз өнерін пұлдайтындарды да қосуға болады. Десе де, статистикаға келгенде, жалпы қанша адамның қайыршылықпен айналысатынын нақты айту өте қиын.

Көбіне-көп құндақтаулы сәбиін қойнына қысқан әйелдер қайыр сұрап жатады. Олар кейде өз баласын ертіп, көше бұрышын паналаса, кейде тәулігіне 7 долларға жалға алған баламен тіленші болады екен. Ал тапқан табыстары тазалаушы немесе ыдыс жуушылардың жалақысынан да асып түседі-міс. Қазір Грузияда кәмелет жасқа толмаған қайыршылармен қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс істеп келеді. Ал ересектер жағы қараусыз қалған.

Майя Мгелиашвили, балаларды қорғау бағдарламасының менеджері:

- Грузияда қайыршылықпен айналысқан адамдарды жауапқа тартатын заң жоқ. Менің ойымша, бұл құптарлық жайт. Ал егер алақан жайып отырған кедей біреуге күш қолданып немесе тіл тигізер болса, заң жүзінде жауап береді. Бірақ тек қайыршылық үшін жазаланбайды.

Мамандардың айтуынша, елдегі қайыршылық мәселесін түбегейлі шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар аса қажет. Сонымен қатар құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау министрлігі және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеулері керек. Өйткені қазіргі таңда қайыр сұрау еңбектің белгілі бір түріне айналған.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы