389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аргентина Халықаралық валюта қоры алдындағы борышын өтей алмай отыр

  • 216
  • UPD: 23:50, 29.08.2019

Аргентина экономикалық дағдарысқа тап болды. Қаржы қыспағында қалған ел Халықаралық валюта қоры алдындағы борышын өтей алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел үкіметі енді қор басшылығынан қарызды өтеу мерзімін қайта қарауды сұрауға мәжбүр.

Аргентинаның жағдайы неге нашарлады? Сарапшылар себебін қалай түсіндіріп отыр?

Қазынада ақша жеткіліксіз болса да, мемлекет қаржы үнемдегісі жоқ. Ал, бюджеттің шығысы мен кірісі арасындағы айырмашылық жер мен көктей болғандықтан Аргентина Халықаралық валюта қорынан қайта-қайта көмек сұрай берген.

 

Маурисио Макри Халықаралық валюта қорымен ортақ мәмілеге келмек 

Осыдан бір ғасыр бұрын әлемдегі ең бай 10 елдің тізімінде болған Аргентина қазір экономикалық дағдарыстың зардабын шегуде. Қаржы қыспағында қалған Аргентинаның Халықаралық валюта қорына 57 млрд доллар көлемінде берешегі бар. Жергілікті билік жақын арада мемлекет қарызын өтеу мерзімін Халықаралық валюта қорымен қайта қарастырмақ ниетте. Бұл туралы елдің қаржы министрі Эрнан Лакунса хабарлады. Оның айтуынша, келіссөздер барысында пайыз төлемі мен облигациялардың құны өзгерілмейді.

Эрнан Лакунса, Аргентина қаржы министрі:

- Елімізде Халықаралық валюта қорының делегациясы болды. Аргентина аталмыш қормен жасасқан келісімнің барлық талабын орындап келеді. Енді мемлекет қарызын өтеу мерзімін кейінге шегеруді жоспарлап отырмыз. Бұл ел президенті Маурисио Макридің талабы.

Таяуда Аргентина биржасы орта есеппен 38%-ке құлдырады. Бұған президенттік сайлау алдында өткен праймериздің қорытындысы себеп болды. Онда елдің қазіргі президенті Маурисио Маакридің партиясы 32% дауыс жинаса, оппозиционер Альберто Фернандестің альянсы саулаушылардың 47,6% дауысын жинап алға шыққан.

Осыдан кейін аргентиналық песо 30%-ке құнсызданып, азық-түлік пен өзге де тауар бағасы шарықтап кетті. Мысалы қарапайым халықтың енді күнделікті сиыр етін алуға да шамасы келмей қалды. Сатушылар да сауданың тоқтап тұрғанын айтады.

Карлос, ет сатушы :

- Қаржы дағдарысын сезіп отырмыз. Доллар 20%-ке өссе, еттің құны 18%-ке шарықтап кетті. Бірақ біз бағаны 10%-тен артық көтере алмаймыз. Соның өзінде сауда жүрмей тұр.

Қаржы қыспағында қалған Аргентина елінің тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. 45 миллион халқы бар елдің әр үшінші тұрғыны кедейшілік жағдайда өмір сүруде. Қазір елде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қатары қалың. Жуырда Буэнос-Айрес қаласында наразы жұрт жаппай ереуілге шықты. Жиналғандар қаржы тапшылығын айтып, ел президенті Маурисио Макри саясатын сынға алды. Акцияға қатысушылар үкіметтен жалақы көлемін өсіріп, жұмыссыздықпен күресуді талап етті.

Мариса Муноз, кәсіподақ мүшесі:

Елде жұмыс орны тапшы. Балаларымыздың ертеңгі күні не болмақ. Орта мектепті бітірісімен қайда барады? Олардың сапалы білім алғанын қалаймыз. 001 жылы болған дефолттың қайталанғанын қаламаймыз. Тығырықтан шығудың жолын табу керек.

Өз елінде жұмыс таппағандар енді Бразилия, Чили мен Колумбияға ағылуда. Әсіресе, соңғы 10 жылда Чилиге көшкен аргентиналықтардың қатары қалың. Ал шамасы келгендер кәрі құрлыққа табан тіремек ниетте.

Аргентинада президенттік сайлау 27 қазан күні өтетін болады. Аргентиналықтардың қазіргі президент саясатынан хайыр күтпейтіні байқалып отыр. Ал, оның басты қарсыласы тұрғындардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік тұрмысын жақсартамын деп уәде етті.

Хабар 24 телеарнасы