426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда туризм тұралады

  • 265
  • UPD: 15:36, 26.06.2020

Грузияда халықаралық рейстер шілденің соңына дейін орындалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы осы елдің Азаматтық авиация агенттігі мәлімдеді. Бұған дейін 1 шілдеден бастап әуе қатынасын қайта қалпына келтіру жоспарланған еді. Алайда, тасымалдың жандануына әлемдегі эпидемиологиялық ахуал кедергі болып тұр.

Юлия Тужилкина, тілші:

- Туристік маусымның ашылуы кейінге шегерілді. Алдымен Израильмен арадағы жоспарланған рейстер кейінге қалдырылған еді. Енді, міне, шетелдік саяхатшылар тағы 1 ай елге кіре алмайтын болды. Бұған эпидемиологиялық ахуал себеп. Ел дәрігерлері «шекараны ашуға әлі ерте», дейді. Экономика министрі де мұны құптап, адам денсаулығы маңыздырақ дегенді алға тартып отыр.

Натия Турнава, Грузияның экономика және тұрақты даму министрі:

- Туризмге келер болсақ, біз үшін азаматтардың денсаулығы маңызды. Індетпен күрес – қазір басты міндет. Чартерлік рейстер шілде айында да орындалады. Біз оларды ары қарай да қабылдай береміз. Ал тұрақты рейстер эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай жанданады.

Грузияда туризм тұралады. Сала мамандары осылай дейді. Қонақ үйлер, мейрамханалар мен дәмханалар орасан зор шығынға батып жатыр. Қызметкерлер «биыл жағдайдың оңалатын түрi жоқ», дейді. 

Русудан Джапаридзе, Гидтер қауымдастығының мүшесі:

- Коронавирус барлығымызды үйде отырып, демалуға мәжбүр етті. Әрине, қаржы жағынан қиын болды. Алайда 1 шілдеден шекараның ашылмайтынына дайын болдық. Экономика министрінің мәлімдеуінше, әуе қатынасы шілденің соңында қайта жанданады. Яғни, туристік маусым өтіп кетеді деген сөз. Ал тамызда саяхатшылар келе ме, жоқ па, белгісіз. Сондықтан қазір күзгі маусымға дайындала берген жөн. Бастысы, тағы жабылып қалмасақ болғаны.

Пандемия салдарынан Грузия 21 наурыздан барлық бағыттағы әуе қатынасын тоқтатқан еді. Індетке дер кезінде тосқауыл қойылғандықтан, қазір ел «жасыл аймақтар» қатарында. Алайда, жұқпалы дерттің өршу қаупінен сескенген мемлекет шекараны ашуға асығар емес.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашквили

Хабар 24 телеарнасы