421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пандемия әлем экономикасын құлдыратып жіберді

  • 723
  • UPD: 23:28, 03.09.2020

Коронавирус пандемиясы әлем экономикасын құлдыратып жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы жылдың екінші тоқсанында АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі өткен тоқсанға қарағанда 9,5%-ке, Еуроодақта 12 %-ке төмендеген. Әсіресе, Испания, Ұлыбритания мен Италияның ахуалы қиын. Австралия билігі де орасан зор шығынға батты. Латын Америкадағы жағдай мүлдем көңіл көншітпейді.

Экономикалық дағдарыстан зардап шеккен елдер жайында арна тілшісі Арайлым Жақсылыққызы толығырақ баяндайды.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Қаржы қыспағында қалған батыс елдері ел экономикасын қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы жұмсап, жаңа жұмыс орындарын ашуға кірісті.

***

Австралия экономикасы рецессияға ұшырады

Deutsche Bank-тің мәліметі бойынша биыл әлемдік жалпы ішкі өнім 4,5%-процентке қысқарады. Жаһандық экономиканың бәсеңдеуіне коронавирус пандемиясы себеп болды. Қаржы қыспағында қалған мемлекеттер ішінде індеттен қатты зардап шеккен елдер бар. Мысалы биыл Австралия экономикасы рецессияға ұшырады. 30 жылда болмаған жағдайдан елдің жалпы ішкі өнімі 7%-ке төмендеп кеткен. Аймақта карантин режимінің енгізілуіне байланысты 1 миллионнан астам адам екі қолға бір күрек таба алмай отыр. Кей кәсіпорындар тіпті толығымен жабылған.

Джош Фрюденберг, Австралияның қаржы министрі:

- Әлемді жайлаған індеттің кері әсері Австралия экономикасына тиді. Бұған ұсынылған статистика бірден бір дәлел. Маусым айындағы жалпы ішкі өнім 7%-ке құлдырады. 28 жыл бойы жалғасқан экономикалық өсім төмен түсті. Салдарынан ел экономикасы рецессияға ұшырап отыр.

Жағдайды оңалту үшін жергілікті билік 300 миллиард Австралия долларын бөліп отыр. Ол бірінші кезекте дағдарыстың бетін қайтарып, ел экономикасын қайта жандандыру үшін жұмсалады.

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:

- Қиын кезеңді бастан өткерудеміз. COVID-19 экономикамызды есеңгіретіп жіберді. Алайда, еңсемізді түсірмейміз. Алдағы уақытта кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, инвестицияны арттыратын боламыз.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Еуроодақ құрамына кіретін мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 12%-ке құлдырады. Ал, жылдық көрсеткіш 15%-ке дейін жетеді. Осы орайда Франция ел экономикасына демеу беру мақсатында 100 млрд еуро көлемінде қаржыландыру бағдарламасын бастайды. Құжатқа сәйкес елде 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қаржы министрінің болжамы бойынша жұмсалған қаражаттың орнын толтыру үшін кемінде 10 жылдай уақыт кетпек.

***

Италия экономикасы дағдарысқа ұшырады

Экономикалық тоқырауға Италияда ұшырап отыр. Онда жалпы ішкі өнім 12,8%-ке төмендеген. Қазір елде кәсіпорындар жабылып, нәпақа таба алмай жүргендердің қатары күннен күнге артып барады.

Роберто Мондуччи, Статистика ұлттық қызметінің басшысы:

- Елдің жалпы ішкі өнімінің құлдырауы Италияның соғыстан кейінгі жағдайдағы рецессияға ұшырауымен бірдей. Бұндай көрсеткіш қатаң шектеу шаралары әсер етті. Аймақта өндіріс орындары тұралап, өзге де экономикалық қозғалыстардың тоқтап қалуы да соққы болды. Алайда ең қиын күндер артта қалды.

***

Испанияда да жағдай мәз емес

Соңғы мәліметке сүйенсек, аймақ экономикасы 18,5%-ке азайған. Коронавирус індетінен ең бірінші болып әрі ең қатты зардап шеккен де осы ел. Карантин режимінен туризм саласы тұралап қалды. Жағдайды тұрақтандыру үшін үкімет Еуроодақ қорынан 140 млрд еуро мөлшерінде қаржылай көмек алмақ ниетте. Бұл сома аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кәсіпорындарға демеу көрсету үшін жұмсалады.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Індетпен күресте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді экономикамызды құтқаратын уақыт келді. Жергілікті компанияларымызды қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек.

***

Ұлыбританияда салық көлемі артуы мүмкін

Экономикасы мықты Ұлыбританияда пандемия кесірінен рецессияға ұшыраған елдердің қатарында. Айтпақшы, бұл тізімде қазір АҚШ, Жапония мен Германияда да бар. Ұлыбритания үкіметінің болжамынша, 2020 жылы бюджеттік дефициттің көлемі рекордтық 322 миллиард стерлинг фунтына жетпек. 2025 жылы ғана ол 116 миллиард фунтқа дейін азайып, жағдай сәл жақсаруы мүмкін. Қазір бізбен тікелей байланысқа Лондондағы арна тілшісі Ғалыжан Қараманұлы шығып тұр.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Ғалымжан армысың! Үкімет бұл олқылықтың орнын қалай толтырмақ? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания қаржы министрі Риши Сунак қазір таңдау алдында тұр. «Салықты көбейту керек пе, әлде үнемдеу шараларын қолға алу керек пе» деген. Ол корпоративтік салық көлемін 19%-тен 24%-ке дейін көтеру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Корпоративтік салық деп отырғанымыз, мекемелерге келетін табыстан алынатын салық. Салықты көбейту билік партиясы мүшелерінің, яғни консерваторлардың ұстанымдарына қайшы, ал үнемдеу саясатына бүгінгі үкіметтің басшысы Борис Джонсон наразы. Консерваторлардың сайлауалды уәдесіне сәйкес партия сатуға салынатын салықты және жеке табыс салығын көтермеуі керек. Сондықтан корпоративтік салыққа таңдау түседі. Өткен жылы ол бюджетке 56 миллиард стерлинг фунты көлемінде кіріс әкелген. Егер салықтың бұл түрі жоғарыласа, бюджет қосымша 18 миллиард фунтқа молаймақ. Бұған көптеген бизнес өкілдері және оппозициялық депутаттар наразы.

Кир Стармер, оппозиция көшбасшысы:

- Жаз мезгілі бостан бос өтті. Үкімет күз бен қысқа дайын болуы керек еді. Оның орнына елді бір дағдарыстан екінші дағдарысқа ұшыратты. Шешімдері мың құбылды. Енді міне, салықты көбейткелі жатыр. Бірінен соң бірі болған біліксіз әрекеттер Британияны артқа сүйреді. Премьер-министр жауапкершілікті мойнына ала ма және жағдайды бақылауда ұстай ма?

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Мен барлық жауапкершілікті мойныма аламын. Бастысы, өзім басшылық еткен уақыт аралығында және пандемия кезінде біз жетістікке жеттік. Жағымсыз пікірлерге қарамастан, біздің балалар мектепке барып, халық жұмыс орындарына қайта оралып жатыр. Біз алдымен мемлекеттік органдардың шығындарын азайтамыз, салықты көбейту мәселесін одан кейін ғана қолға аламыз.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Ғалымжан, экономикалық дағдарыс қарапайым халыққа қалай әсер етіп жатыр және үкімет қалай әрекет етуде?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Экономикалық дағдарыс, әсіресе, жастарға қатты әсер етті. Жарты миллионнан астам жас буын өкілі жұмыссыз қалды. 25 жасқа толмаған 538 мың адам енді Universal Credit бағдарламасы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алып жатыр. Бұл пандемияға дейінгі уақытпен салыстырғанда 250 мың адамға көп. Жұмыс берушілерді ынталандырып, жастарға қолдау көрсету үшін Қаржы министрі және Еңбек пен зейнетақы министрі KickStart мемлекеттік бағдарламасын бастап кетті. Енді мекемелер 16 мен 24 жас аралығындағы жас мамандарды жұмысқа тарта алады. Үкімет ол үшін әрбір жұмысшыға 1,5 мың стерлинг фунт көлемінде 6 ай бойы өтемақы төлеп отырады.

***

Латын Америка елдерінің де қаржы жағдайы мүшкіл

Аймақ басшылары Халықаралық валюта қорынан көмек сұрауға мәжбүр. Бүгінде Аргентинада инфляция деңгейі 42,4%-ке, яғни ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Бразилия да экономикалық қиындыққа тап болды. Елдің жалпы ішкі өнімі 10%-ке құлдыраған. Мұндай дағдарысты ел 1996 жылдан бері көрмеген.

Хабар 24 телеарнасы