430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия мен Ұлыбританияда коронавирус статистикасына қатысты жанжал шықты

  • 155
  • UPD: 21:03, 07.10.2020

Ресейде кешелі-бері 10 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Мәскеуде жағдай қиын. АҚШ-та, Ақ Үйде де тағы да бір қызметкердің дертті болғаны анықталды. Нью-Йоркте екі күннен кейін жаңа шектеулер күшіне енеді. Ал Түркия мен Ұлыбританияда коронавирус статистикасына қатысты жанжал шықты.

Мәскеуде науқастар және бір тәулікте ауру жұқтырғандар саны бойынша екі бірдей антирекорд орнады. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты бұған дейін жаңа шектеулер күшіне енген. Билік жасы 65-тен асқандар мен созылмалы ауруы бар тұрғындарға үйде отыруға кеңес берді. 9 қазаннан бастап олар бұрынғыдай қоғамдық көлікте тегін жүре алмайды. Бұл – ай соңына дейін қарастырылған уақытша шара. Екі күннен кейін оқушылар да қоғамдық көлікте жеңілдігі бар карталарын қолдана алмайды. Жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындарға қызметкерлерінің 30 процентін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіру ұсынылды. Бұған дейін коронавирус жұқтырып, айығып шыққандар да үйде отыруы тиіс. Өйткені тексеруші органдар қайсысының ауырған-ауырмағанын анықтап жататын уақыт жоқ. Оның үстіне егер халықты ауырған-ауырмағандарға бөлетін болса, жұрт жалған анықтамалар жасату үшін алаяқтардың көмегіне жүгінуі мүмкін. Мәскеу мэрінің пікірі осындай.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

– Коронавирусқа қарсы иммунитеттің қанша уақытқа созылатыны жайлы нақты дерек жоқ. Бір ауырған адамның індетті қайта жұқтыру мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдайда кімнің ауырып-ауырмағанын анықтау қиынға соғады. Сондықтан шектеу шараларын бәрі бірдей сақтау керек. Сондай-ақ қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру талабына қатысты тексерулер жүргізілетінін де айта кету керек.

Жалпы осы Мәскеуде вирустың тез тарауына билік тұрғындардың өздері де кінәлі дейді. Қала басшысының орынбасары Анастасия Ракованың айтуынша, халық бетперде кимейді, ара қашықтықты сақтамайды. Ал АҚШ-та осы бетперде үшін жұрт төбелеске барып жатыр. Онда ұшаққа отырған жолаушылардың бірі бетпердесін шешіп тастаған. Мұнысы жанындағы адамдарға ұнамаса керек.

Осы АҚШ-та расталған деректер саны 7 жарым миллионнан асып кетті. Вирус жұқтырғандар қатарында президенттің аға кеңесшісі де бар. Бұған дейін Дональд Трамп пен оның әйелі, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің де тапсырған тестері оң нәтиже көрсеткен болатын. Жалпы АҚШ-та көктемде Нью-Йорк штаты коронавирус ошағы саналған. Сол жағдайдың қайталануын болдырмау үшін өңірде жаңа шектеу шаралары қабылданды. Өйткені вирус жұқтырғандар саны күннен күнге артып барады. Енді Бруклин мен Квинст сияқты ірі аудандарда кей кәсіпорын мен мектептер жабылады. Штат губернаторы өзге де шектеулер болатынын хабарлады.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

– Біз бірқатар жаңа ереже қабылдадық. Мәселен, құлшылық ету орындарында азаматтардың саны енді оннан аспауы керек. Сондай-ақ тұрғындардың жаппай жиналуына шектеу қойылып, кәсіпорындар жабылады. Мектептер де жұмысын тоқтатады. Ал тамақтану орындарында асты тек өзімен бірге алып кетуге ғана болады. Отырып ішуге рұқсат жоқ.

Түркияда да жағдай тұрақты емес. Мұнда тәулігіне шамамен мың жарымнан астам адам қауіпті дертке шалдығады. Бұл – ресми статистика. Дегенмен осы коронавирус статистикасына қатысты елде қоғамның пікірі қақ жарылды.

Анадолыда шілдеде науқас саны мыңнан төмендеген еді. Бірақ бір айдан бері 1500-дің төңірегінде болып тұр. Соңғы тәулікте 1511 адам вирус жұқтырып, 55 науқас көз жұмды. Алғашқы ковид дерегі тіркелген 11 наурыздан бастап елде 11 миллион астам адамға сынама жасалды. Елде қауіпті індетке шалдыққандар саны – 327 мың. Оның 287 мыңнан астамы жазылып шықты. Дегенмен осы статистика төңірегінде бірнеше аптадан бері дау бітер емес. Себебі елде вирус анықталғаннан күннен бастап кесте 3 рет өзгерді. Ондағы көрсеткіштер де. Бұл да өз кезегінде түсініспеушілікке жол ашты. Соңғы таблицада тек коронавирусқа шалдығып, ауруханада ем қабылдап жатқандардың саны жазылған. Онда ПТР сынамасы ковидке оң шығып, карантинде жатқан азаматтар жоқ. Мұны денсаулық сақтау министірінің өзі де растады. Медицина ведомство басшысының айтуынша, елде эпидахуал бақылауда. Бәрі жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Тек азаматтар сақтық ережелерін сақтаулары тиіс. Өз кезегінде, бұл коронавирус статистикасының елдегі шынайы эпидемологиялық жағдайда көрсетпей отыр деп айып тағып отырғандар да жеткілікті. Солардың бірі – оппозиция өкілдері мен медицина қызметкерлерінің қауымдастығы. Бұл қауымдастыққа елдегі денсаулық саласы қызметкерлерінің 80 проценті мүше екен. Осы қауымдастықтың ақ халаттылары статистиканың дұрыс көрсетілмеуі, індетке қарсы күреске кері әсерін тигізіп отыр деп отыр. Осыған байланысты бірнеше апта бұрын ел көлемінде медицина қызметкерлерінің шеруі өткен. Ал үкімет пен оның одақтасы ұлтшылдар қозғалысы партиясының басшысы Девлет Бахчели, медицина қызметкерлері қауымдастығын жабу қажет деп отыр. Қазір елдің күн тәртібінде парламенттегі партиялар арасында осы мәселеде дау жүріп жатыр. Мәселеге қатысты Интернет Медиа Федерациясы басшысы, белгілі журналист Талат Атилладан сұрап көрген едік.

Талат Атилла, журналист, интернет медиа федерациясы басшысы:

– Түркия денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қатысты үдерісті сәтті бастады. Дегенмен уақыт өте келе дұрыс түсіндіре алмады немесе халықты ашық түрде ақпаратпен қамтамасыз етпеді. Бұл да қауіпті індетке қарсы күреске кері әсер етті. Алайда ішкі істер министрі Сулейман Сойлу бастаған орган індеттің таралуын тежеп, сақтық ережелерінің бұлжытпай орындауында жақсы жұмыс атқарды. Мұндай жағдайларда дұрыс яки бұрыс түсінбеушілік, ел арасында аласапыран туғызуы мүмкін. Сондықтан денсаулық министрлігі барлық қоғамға түсінікті болуы үшін ашық болуы тиіс. Себебі жергілікті әкімшіліктердің айтуынша, шынайы статистиканы олар біледі. Өйткені, қаза тапқандарды жерлейтін де солар. Екінші сақтық шараларының шеңберін одан әрі кеңейту керек. Экономикалық салдары болады әрине. Бірақ халықтың саулығы маңыздырақ.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Қазір Ыстамбұлдың әр бұрышынан қара көз қазағымызды кездестіруге болады. Әрине, шетел азаматтары үшін де сақтық шаралары бірдей. Маска тағу міндетті. Карантинде болса, оны да сақтау қажет. Әйтпесе, айыппұл төлейсіз, тіпті қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Жалпы Түрік елі туристерден ауруды жұқтырмағандығы жөнінде сынама талап етпейді. Тек әуежайларда дене қызуы өлшенеді. Ол да 38-ден асса сынама жасалады. Ауау анықталса, жағдайына қарай 14 күндік карантин немесе ауруханаға жатқызылады. Сондықтан алдын ала өзге елге шықпас бұрын медициналық сақтандыруды тексеріп алған жоқ.

Ұлыбританияда да коронавирус статистикасына қатысты дау туды. Мұнда қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің өкілдері Иксель бағдарламасына деректерді енгізіп жатқанда қателік жіберген. Соның салдарынан бір емес, екі емес, 16 мың науқастың мәліметі жоғалып кеткен. Бұл – 25 қыркүйек пен 2 қазан аралығында коронавирус диагнозы расталған адамдар. Яғни мыңдаған британдық ауырғанын білмей, өзгелерге жұқтырған болуы мүмкін. Мұның соңы не боларын болжау қиын. Корольдікте онсыз да жағдай мәз емес. Кеше ғана 14 мыңнан ас адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Мұнда сондай-ақ ауруы ауыр жағдайда өтіп жатқан науқастар саны 25 процентке артқан.

Хабар 24 телеарнасы