432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус: Иран ауруханаларында бос орын жоқ

  • 103
Коронавирус: Иран ауруханаларында бос орын жоқ www.aa.com.tr

Әлем бойынша коронавирус пандемиясы дендеп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл дертке шалдыққандардың саны 37 миллионнан асып кетті. Бір миллионнан астам науқастың қайтыс болғаны хабарланды. Еуропа құрлығында да індет өршіп тұр. Мұнда екінші толқынның ауқымы көктемгі жағдайдан да асып кетуі мүмкін деген болжам бар. Мысалы, Францияда күн сайын 16 мыңнан аса науқас тіркеліп келеді. Қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланған аймақтар тізіміне тағы да төрт қала – Лион, Лилль, Гренобль және Сент-Этьен қосылды. Осыған дейін бұл деңгей Париж, Марсель қалалары мен Гваделупа аралында жарияланған болатын.

Ал Ұлыбританияда соңғы бір тәулікте 13 мыңдай науқас анықталды. Ал кеселге душар болған жандардың саны 600 мыңнан асты. Бүгін премьер-министр Борис Джонсон жаңа карантин шараларын жариялауы мүмкін. Атап айтқанда, мейрамханалар мен пабтар уақытша жабылатын секілді.

Роберт Дженрик, Ұлыбритания тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының министрі:

– Ауруды жұқтыру дерегі тіркелгенде жергілікті деңгейде шаралар қабылдап жатқанымыз дұрыс деп санаймын. Ешкім жалпыұлттық шектеулердің қабылдануын қаламайды. Мұны болдырмаудың жолын іздеп жатырмыз.

Ресей науқастар саны бойынша әлемде төртінші орында тұр. Күн сайын жұқтыру деректері артып бара жатқандықтан, Мәскеу мэрі жергілікті компанияларды қызметкерлерінің 30% және жасы 65-тен асқандар мен созылмалы аурулары бар адамдарды қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруға міндеттеді. Оның шығарған жарлығы бойынша, бүгіннен бастап кәсіпорындар апта сайын қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлері жөнінде мәлімет тапсыруы тиіс. 

Иран билік өкілдері соңғы бір тәулікте коронавирус дертінен 250 адам қайтыс болғанын хабарлады. Бұл індет басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы елде бұл аурудан 28 мыңнан аса адам көз жұмған. Қазіргі кезде 4 жарым мыңдай науқас ауыр хәлде. Ауруханаларда бос орын қалған жоқ. Үкімет өкілдері эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болған деп санайды.

Хабар 24 телеарнасы