419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германия халқы қатаң шектеу шараларын құптайды

  • 108
  • UPD: 13:50, 17.12.2020

Германияда жарияланған қатаң локдаунның алғашқы күні коронавирустан көз жұмғандардың саны бойынша антирекорд орнады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір тәулікте 952 адам ауруын жеңе алмай өмірмен кош айтысқан. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Кей саясаткерлер жағдайдың бақылаудан шыққанын айтып, шұғыл вакцинация науқанын бастауды талап етіп отыр.

Германияда ковидтің ілмегіне іліккендердің қатары күн өткен сайын өсіп, рекорд орнап жатыр. Бір тәулікте қауіпті инфекцияны 27 мың адам жұқтырған. Аймақтағы ауруханаларда орын тапшылығы байқалады. Вирусолог мамандары «елдегі қатаң локдаун жоспарланған 3 аптадан артық болуы мүмкін» деп болжайды. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес жергілікті тұрғындардың басым бөлігі де карантиннің енгізілуін құптап отыр.

Беате, Берлин қаласының тұрғыны:

- Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты локдаунға қайта оралып жатырмыз. Алайда халықтың ұнжырғасы түскен жоқ. Бәрі түсіністікпен қарап отыр.

Инге, Берлин қаласының тұрғыны:

- Не дейміз, бұл қажетті шара болып тұр ғой. Бір жағынан көптеген дүкендер мен сауда орындарына қиын соғайын деп тұр. Бірақ адамның өмірі маңызды емес пе?! Әйтеуір сыртқа шыға алатынымызға қуанамын.

Германия билігі жаппай екпе егу шарасына үлкен үміт артып отыр. Алдағы аптада Еуроодақ BioNTech пен Pfizer компаниясының вакцинасын сертификаттан өткізсе, егу шаралары осы жылдың соңында басталуы бек мүмкін. Жоспар бойынша 400 екпе егу орталығы ашылып, қосымша әскерилер тартылатын болады. Қазірдің өзінде пандемиямен күрес жұмыстарына 6 мың тәртіп сақшысы жұмылдырылды.

Хабар 24 телеарнасы