378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық мамандар ескі ғимараттардың естеліктерін баяндап берді

  • 523
  • UPD: 15:07, 25.01.2019

Астана көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жас шаһар бүгінде әлемнің ірі мегаполистерімен иін тірестірер деңгейге жетті. Зәулім ғимараттар, соңғы үлгіде салынған бизнес орталықтары қаланың көркін еселей түскен. Бас қаламыздың тарихы тереңде жатыр. Оған куә ғимараттар әлі де бар.

Екі ағаш үйдің біреуі көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болған. Сәкен осы үйге жұмыс бабымен келіп жүрген деген ақпар бар. Ал екіншісі Сәкеннің досы, дәрігер Благовещенскийдің үйі деседі.

Өмірбек Жұмағұлов, реставрация және зерттеу бөлімінің басшысы:

- Осында медресе ашқан. Ол уақытта қыздар мен ұлдар бөлек оқыған. Ар жағындағы бірінші үйде қыздар, біз тұрған үйде ұлдар оқыған. Осы үйде С.Сейфуллин сабақ берген. Неліктен медресе қылып ашқан десеңіз, жолдың ар жағында Көк мешіт болған. Соған сәйкес алыс болмасын деп медресе ашқан.

Осы кезеңде өмір сүрген көпестер мен саудагерлердің үйі сол қалпында әлі сақтаулы. Соның бірі – бұрынғы Украина елшілігінің ғимараты болған ескі нысан. Бұл үй сонау 1910 жылы салынған. Тарихы да қызық.

Василий Кубрин есімді көпес балеринаға ғашық болыпты-мыс. Қыз Ақмолаға қоныс аударған. Сөйтіп ғашығына Петербордың үйлерінен кем түспейтін баспана тұрғызса, тұрмысқа шығуға уәде еткен. Содан бері ғасыр өтсе де, сыны кетпеген ғимарат бүгінде бас қаланың тарихи-мәдени ескерткіштерінің қатарына кіреді.

Мейрам Оралов, ескерткіштерді сақтау бойынша дирекцияның директоры:

- Әкімдіктің балансында 46 ескерткіш бар. Екеуі республикаға қарайды. Сол 46 ескерткіштің ішінде архитектура, тарих жанындағы ескерткіштер кіреді. «Жастар» ш/а, «Қараөткел» деген зират бар. Онда қаламыздың ескерткіштердің тізіміне кіреді.

Алаш елінің орталығына айналған Астананың негізі ХІХ ғасырда қаланған. Елорданың архитектурасы өткен ғасырдан сыр шертеді. Мамандар бұл ғимараттардың туристер үшін қызықты екенін жасырмады. «Сондықтан тарихи нысандарды болашақ ұрпаққа жеткізу парызымыз», – дейді.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы