389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай атындағы опера және балет театры тұңғыш рет Страсбургте өнер көрсетті

  • 244
  • UPD: 23:36, 19.09.2019

Страсбургтің музыка және конгресстер сарайында Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балеттік труппасы өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табысты өткен осы кешке Еуропарламент депутататтары, мәдени қайраткерлер мен іскер қауым өкілдері көптеп жиналды.

Қазақ балет өнеріне 86 жыл. Айтулы датаға орай Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры «Франциядағы Қазақстан күзі» атты мәдени жобаның екінші маусымын ашты. Өнер ұжымы Михаил Фокиннің «Шопениана» қойылымын сахналады. Атақты әртістеріміз Жанель Түкеева, Әсет Мырзақұлов, Динара Есентаева, Азамат Аскаров, Рахим Даиров қиял мен болмыс арасында романтизм дәуірін сипаттады.

Ая Қалиева, қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры:

- Осы қойылымдарда солистер және кордебалет бар деп айта алмаймыз, өйткені бәрі өз рөлін ойнайды. Әсіресе, бір акттан тұратын «Бах өнерін ашу» балеті немесе «Болерода» әрбір солистің дара партиясы бар. Әрине, жастар жылы болғандықтан, жас әртістерімізді әкелдік. Бұл көптеген халықаралық байқауларда жеңіске жеткен өнерпаздар, репертуарларында 30-дан аса спектакльдері бар.

Дэвид Джонатан, «Бах өнерін ашу» балетін қоюшы:

- Бір акттан тұратын бұл балетті мен арнайы осы топ үшін қойдым. Бүгін оның тұсаукесері өтті. Бұл классиканың бүкіл түрін - би қимылдары, хореография, киімі мен декорацияларын жаңадан құру болып табылады. Қазақ әртістері таңқаларлық! Мен олардан шабыт аламын, балетке өте құмар. Бұған үйрету мүмкін емес, бұл жандарынан тереңінен шығып, сахнада жарылады!

Өнер ұжымының қойылымын еуропалық көрермен зор ықыласпен қабылады. Кеш қонақтары әсіресе, бишілеріміздің шеберлігі мен қойылымдардың терең мазмұнын жоғары бағалады.

Тьерри Мариани, Еуродепутат:

- Бағым болып, Нұр-Сұлтанда балеттеріңізге барғанмын. Ал бүгін осы театрыңыздың балетін алғаш рет көріп отырмын. Әртістері керемет. Мен мұны 20 жыл бойы опера фестивалінің президенті болған кәсіби маман ретінде айтамын. Тамаша деңгейдегі өнер.

Рышард Чарнецкий, Еуродепутат:

- Керемет әсерге бөлендім. Бұл мен үшін тосын сый болды, осыған дейін беймәлім болған Қазақстанның тұсы ашылды. Балеттің деңгейі жоғары, қойылымдар да тамаша. Бұл елдеріңіздің, мәдениетіңіз бен мұраларыңыздың жақсы жарнамасы болған. Керемет!

Өзге де көрермендер өз сезімін жасырмай, музыка мен бидің толық үйлесімі және қазақ шеберлерінің орындауы мінсіз болғанын айтты. Театрымыздың гастрольдік сапары енді Францияның Йер қаласында жалғасады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы