389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әл-Фараби туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

  • 321
  • UPD: 08:59, 04.10.2019
Әл-Фараби туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Белгілі продюсер, режиссер Сергей Азимов бастаған шығармашылық топ Сирияда болып қайтты.

Бұл іс сапар Әбу Насыр әл-Фараби туралы түсіріліп жатқан деректі фильммен байланысты. Ол «Ұстаздың оралуы» деп аталады. Отырар қаласынан шыққан ғұлама ойшыл туралы тың дүние жақын күндері көрерменге жол тартады.

Келесі жылы ғұлама ғалымның туғанына 1150 жыл толады. Отырарда туып, Бағдатта білім алып, Шам қаласында сүбелі еңбектерін жазған Әл-Фараби ғылымның көп саласында жаңалық ашты. Ұлы ойшылдың Дамаскідегі кесенесін бейнетаспаға түсіріп, сондағы ғалымдардан сұхбат алу үшін түсіру тобы рұқсатқағазды алты ай күтіпті.   

Сергей Азимов, «Ұстаздың оралуы» деректі фильмінің режиссері:

– Сирияда біз 4 күн болдық. 4 күн болғанда біраз материал түсірдік. Соғыстың зардабын теледидар арқылы көру бір бөлек. Ал өзіңнің көзіңмен көргеннің әсері әрине басқаша. Ұлы бабамыздың гумманизм туралы ойларын дәлелдеп көрсету үшін біз осы соғыс қандай жолға апарады деп салыстыра көрсетуіміз керек.

Ғұлама ғалымның «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбектері қазіргі уақытта да өзекті. Деректі фильм Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қолдауымен түсірілуде. Жалпы ғалымның осы күнге дейін 40 еңбегі жеткен екен. Оның 6-ы иврит, 2-і латын, қалған 32-сі араб тілінде сақталған.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры:

– Түркі, ислам әлемі үшін Әл-Фараби әлемдік деңгейдегі тұлға және мақтаныш деп айтуға болады. Әл-Фарабидің ілімі әлі күнге дейін жасап келе жатыр. Әл-Фарабидің ең үлкен еңбегі ғылымды діннен ажырата білді.

Әл-Фараби көне грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме жазып, оны дамыта түседі. Аристотельді қазіргі оқырманмен қауыштырған ол адамзаттың екінші ұстазы саналады.  

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры:

– Еуропалықтар қайтадан қауышқан кезде олар таң қалды. Шынында Аристотельді біз түсінбей келген екенбіз. Ал Әл-Фарабидің еңбегі арқылы, әл-Фарабидің үлкен қосқан үлесі арқылы біз жаңа ұстазды көріп отырмыз дейді.

Түсіру тобы Дамаскіге жасаған сапарында сондағы ұлттық кітапханадан Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаттарының қолжазбаларын тапқан. Қазір көшірмесін алу бойынша келісім жасалуда. Каир сапары да жемісті болыпты. Ол жерден ойшылдың бұрын-соңды жарияланбаған қолжазбасының көшірмесі алынды. Қазір құнды жәдігерді қазақ тіліне аудару басталды.

Сергей Азимов, «Ұстаздың оралуы» деректі фильмінің режиссері:

– Әл-Фарабидің мұрасы біздің жастарға, тәуелсіз елімізге ауадай қажет. Сол кісінің ойлары, айтқан ақылы, философияның мазмұны, ойлары өте терең.

«Ұстаздың оралуы» – әл-Фараби туралы алғашқы толықметражды деректі фильм. Жуық арада көрермен назарына ұсынылады. Авторлар туындыны телеарналардан көрсетіп, мектеп, университеттерге таратуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев, Ерлан Шалбаев

Хабар 24 телеарнасы