386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында «Қалқан -2017» арнайы оқу-жаттығуы өтті

  • 853
  • UPD: 07:50, 14.04.2017

Шекара шебін қорғайтын жас жауынгерлер кез келген оқыс жағдайға сақадай сай болуы тиіс.

Сондықтан еліміздің ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясы мен ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери институт бірлесіп «Қалқан» арнайы тактикалық оқу-жаттығуын өткізіп отырады. Кезекті жаттығу Алматы облысындағы Қараой әскери полигонында өтіп, сарбаздардың әскери әлеуеті сыналды.

Ел шекарасына баса-көктеп кірген қарулы топқа тосқауыл қойылып, әуеден шабуыл жасалды. Алайды жау да мұздай қаруланған. Шекара шебіндегі шиеленіс өрби түсті. Екі тараптан да оққа ұшқандар бар. Қауіптің бетін қайтару үшін аға офицерлер тұтқиылдан соққы беру керек деп шешті. Ол үшін қақтығыс аймағының арнайы картасы да жасалған. Оқу-жаттығудың барлық іс-қимылы да сонымен жоспарланып, іске асады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Осындай арнайы тактикалық жаттығу ең алдымен әскери білім көкжиегін кеңейтеді. Академия білімгерлеріне қауіп пен қатер төнген кезде қалай іс-әрекет ету керектігін көрсетеді. Мінезді шыңдайды. Дегенмен шекара шебінде қару ұстап, Отан қорғап жүрген сақшылардың ішкі әлеміне кім үңіліп көріпті. Сондықтан атыс-шабыс болып, 300-ге жуық жас жауынгер қатысатын осындай жаттығу кезінде оларды моральді-психологиялық қадағалау да күшейтіледі. Бұл жаттығудың ерекшелігі де осы.

Отан шекарадан басталады. Ал шекараны күзету жауапкершілігі зор міндет. Нұрбол шекара қызметі академиясын биыл тәмамдайды. Жаттығуға алғаш қатысуы емес. Ол «Ер болсаң ез болма» деген ұстанымдағы азамат.

Нұрбол Жолдасбаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының білімгері:

- Біз үшін алған теориялық біліміміздің практикалық түрде жүзеге асуына үлкен себебін тигізеді бұл оқу-жаттығуы. Сондықтан да бұл жаттығу алдымызда қойылған мақсаттарымыздың тәжірибелік жүзінде және Қорғаныс министрілігінің әскерлерімен өзара іс-қимыл жасаудың бір түрі болып есептеледі.

Жоспар бойынша өрбіген бірлескен оқу-жаттығуда жаудың көзі жойылып, қауіптің беті қайтарылды. Үш кезеңнен тұрған арнайы тактикалық жаттығуда тегеурінді техника сыналып, қақтығыстарға сақадай сай екенін көрсетті. Шекарашылардың айтуынша осындай бірлескен жаттығуға енді өзге де күштік құрылымдарды қатыстыру жоспары бар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы