386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде биыл 10 амбулатория салынады

  • 566
  • UPD: 11:29, 03.01.2018

Бірқатар мемлекеттік қызметті бизнес атқарса, тиімді болады.

Ал бизнесті дамытуға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы осылай деген болатын. Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен барған Нұрсұлтан Назарбаев осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған бірнеше нысанды аралап көрді. Бүгінде өсіп-өркендей түскен өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 125 жоба іске асырылып жатыр.

Ақтөбедегі жаңа жедел жәрдем бекеті жылына 150 мың қоңырау қабылдауға қауқарлы. Шетелдік инвесторларға сенімгерлік басқаруға берілген нысан заманауи медициналық  қызмет көрсетеді. Инвестор жаңа ғимараттың құрылысына 5 млрд 400 млн теңге қаржы бөлген. Одан бөлек жедел жәрдем қызметін жетілдіріп, жүйені жаңғыртуға 3 млрд теңге жұмсамақ. Арнайы көлік санын көбейтіп, науқастарға жету уақытын азайтады.

Төлеу Сапаров, «Алғашқы жәрдем» ЖШС бас дәрігері:

- Дәрігерлерді, фельдшерлерді оқыту жоспарланған. Бұл жобаға 260 миллиондай қаралған. Біз қазіргі күні екі кезеңін өткіздік. Олар қажетті жүрек-қан тамырлары ауруларына және соңғы кездері көбейіп отырған инсульттік ауруларға бағытталған. Сондай-ақ жол апаты травмаларына арналған оқытулар өткізілді.

Ал жаңадан бой көтерген офтальмологиялық орталық батыс аймақ тұрғындарына қызмет көрсетеді. Инвестор 3 млрд 200 млн теңге қаржы салған медициналық нысан мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істейді. Емхана күніне 250 сырқатты қабылдайды. Ал ауруханада 60 адам жатып ем қабылдайды.

Гүлнәр Назарбаева, дәрігер-офтальмолог:

- Диагностикалық орталықта лазермен емдеу, жарақат алғандарға жедел жәрдем көрсету бөлімдері болады. Екінші қабатта ересектерге және балаларға арналған стационарлық бөлім орналасады. Сонымен қатар операция залдары бар. Соңғы кездері белең алған балалардың көз ауруларын емдеуге мүмкіндік болады. Импланттардың барлығы шетелдік, сапасы жоғары. Көз торының қабаттануы кезінде жедел ота жасай аламыз.

Жалпы өңірдің әлеуметтік саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірнеше жоба сәтті іске асты. Оның ішінде 40 балабақша, медициналық оңалту кешені және мүгедек балаларға арналған әлеуметтік орталық бар. Биыл тағы 10 амбулатория салынып, осы жаңа жүйемен қызмет көрсетеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы