389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісу жұрты Наурыз тойын атап өтті

  • 945
  • UPD: 20:02, 22.03.2018

Талдықорғандағы Жастар саябағында «Ұлттық жаңғыру мейрамы – Наурыз!» атты мерекелік шара өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары одан ары ипподромда ұлттық спорт түрлеріне арналған қызықтарды тамашалады.

Жетісу төрі – Талдықорғанда бүгінгі мерекеге орай мың литр наурызкөже мен 10 мың адамға палау әзірленіп, халыққа тегін таратылды. Соған сәйкес Наурыз ауылында «Наурызкөже ішіңіз!», «Бауырсақтан дәм татыңыз!» атты арнайы шаралар ұйымдастырылды. Күн де шұғыласын аямай-ақ төгіп тұр. Термометр бағаны +22 градусқа дейін көтерілді. Алаңға шыққан жұрттың көңілі жадыраңқы.

Жолдыбай Қанағатов, Өтенай ауылының тұрғыны:

– Наурыз құтты болсын! Наурыз – ежелгі атамыздан қалған дәстүр. Ата-бабаның жолын қуып, қазақ деген елдің туын жоғары ұстайық.

Сара Шыныбекова, Өтенай ауылының тұрғыны:

– Барлық концерт те, барлық көрме де жақсы өтіп жатыр. Бірінші қазақ үйіне кірдік. Мерекеге өте жақсы дайындалған.

Жастар спорт сарайының алдында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Мерекені тамашалауға шыққан қала тұрғындары арқан тартысып, асық атып, гір тасын көтеріп, тоғызқұмалақ ойнады.

Айтжан Сейсенбаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Жетісу өңіріндегі Талдықорған төрінде болып жатқан ұлан-асыр той бүкіл еліміздің әл-ауқатын паш еткендей болып тұр. Өте қуаныштымын. Тойлар көп болсын, ағайын! Жақсылықта жолығайық!

Ал Талдықорған ипподромында дала қызықтары өтті. Аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, көкпаршылар сайысына қаржылай сыйлықтар тігілді. Көкпаршыларға әр салым үшін 20 мың теңгеден сыйақы белгіленді. Қыз қууға қыздарымыз сақадай сай келіпті. Жігіттер де қарап қалмады.

Айгерім Дүйсенғалиқызы, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Қыз қуу спортымен айналысқаныма көп болды. Кішкентай кезімнен атқа мінгенді өзім ұнатамын. Отырдым да мініп кеттім. Ешкім үйреткен жоқ. Қыз қууға әрқашан келіп тұрамын.

Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз мейрамы Жастар саябағында Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті мен кешкі би кешіне ұласады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы