384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ригада Қазақстан мен Латвия арасындағы инновация саласы жөніндегі серіктестік жайы талқыланды

  • 657
  • UPD: 18:25, 04.06.2018

Ригада Қазақстан мен Латвия арасындағы ақпараттық технологиялар және инновация саласы жөніндегі серіктестік жайы талқыланды.

Сондай-ақ қазақстандық делегаттар латвиялық стартапшылармен арнайы кездесті.

«Жасыл технология», медицина, құрылыс, табиғи ресурстарды игеру және қаржы мәселесі. Бұл – латвиялық жас мамандардың қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға дайын ауқымды салаларының дені. Олар өз жобаларын біздің нарыққа енгізіп қоймай, бізден де стратап-командаларды тартуға ниетті. Осы арқылы Латвия Еуропаға бастар қақпа болуы ықтимал.

Алена Белинская, латвиялық стартап қауымдастығының директоры:

– Бір жыл бұрын стратап виза туралы заң қабылданды. Бұл Латвияда қызметін бастағысы келетін авторларға мүмкіндік береді. Тіпті олар Еуропалық одаққа мүше болмаса да, біздің елге виза алып, жұмыс істей алады. Осылайша Латвия арқылы еуропалық нарыққа енуіне болады.

Біздің елге ұсынылған стартап жобалардың көбі әлемде нәтижелі жүзеге асып жатыр. Республикада Коммерциялану реакторы да бар. Бұл халықаралық алаңда ғалым-инноваторлар мен кәсіпкерлер бас қосып, технологиялық жобалардың коммерциялануына жол ашылады.

Антон Адамович, стартап авторы:

– Бұл – 8 жыл бойы әлемде айрықша істерді атқарып, ақша тауып қоймай, нақты ірі жобаларды жүзеге асырып келе жатқан белгілі ғалымдарды, кәсіпкерлерді біріктіретін алаң. Оған өмірді өзгертуге бағытталған жоғары технологияны коммерциялау, ғылымнан өнім жасау жатады. Сегіз жыл бойы осы жұмыстарды атқарып келеміз. Қазақстандық ғалымдармен де байланыс орнатқанбыз.

Қазақстандық тарап Латвияның ақпараттық технология және инновация саласындағы мамандарымен байланысты әлі де нығайтуға ниет білдіріп отыр.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Халықаралық «жасыл технология» және инвестициялық жобалар орталығы сияқты құрылымдар бізде бар. Таяуда өткен Астана экономикалық форумында Үкімет басшысы оны ресми түрде таныстырған болатын. Осындай ІТ стартап орталықтары құрылып жатыр. Осылар арқылы бастамаларды байланыстыру қажет деп ойлаймын.

Латвиялық мамандардың жоғарғы технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын қызмет көрсету, құрылыс және адами капитал бойынша бастамалары қызық.

Бауыржан Мұхамеджанов, Қазақстанның Латвиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Бүгін адами капиталды қайта даярлаумен айналысатын стартап жайлы айтылды. Бұл жобалардың бірі ересек адамды ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпай, жаңа қызмет тауып, жұмыс істей бастауын қамти алады.

Келесі кездесу Қазақстанда өтеді. Онда латвиялық жобалаушылар өзінің инновациялық жобаларын біздің елде таныстыра алады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марина Петрова, Сергей Самойлов

Хабар 24 телеарнасы