369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қиғаш және Жайық өзендерінің түбі тазартылып жатыр

  • 307
  • UPD: 19:41, 20.08.2018

Атырау облысында Қиғаш және Жайық өзендерінің Каспий теңізіне құяр тармағын тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Өзендердің түбін тереңдету, аймақтың экологиялық ахуалымен қоса экономикалық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Балықтардың уылдырық шашу өрісі кеңіп, табиғи қорды толтыруға жол ашады. Балық аулау және өңдеумен айналысатын өндірістік кооперативтердің де құлашын кеңге жаюына серпін береді.

Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбі өткен ғасырдың 80 жылдарында тазаланған. Осы қырық жылға жуық уақыт ішінде өзендердің теңізге құяр тамағы әбден бітелуге таяған. Судың тереңдігі кей тұстарда тіпті 40-50 сантиметр ғана болады. Қазір қолға алынып жатқан жұмыстар балық жүретін арналардың көзін ашып, уылдырық шашу өрісіне еркін өтуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өзендердің биологиялық ахуалын қалпына келтіріп, мелиорациялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

Нұрлыбек Сақпаров, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары негізінен 23 шақырым арақашықтықты қамтиды. Сонымен қатар 17 шақырым шамасында жаңадан канал құрылысы қарастырылған. Қиғаш өзені бойынша теңіздің сағасына дейін 150 шақырым түп тереңдету жұмыстары қарастырылған

Күрделі жобаны іске асыру үшін қазынадан 7,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір мердігер ұйымдар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Ондаған арнайы техникамен жарақтанған мамандар тәулігіне 3 ауысыммен 150 метрдің аумақтың су асты топырағын тазалауда.

Иван Церникель, жер сорғыш техникалық кеме командирі:

- Біз өзен табанындағы топырақты 2,5 метр тереңдікке дейін қазамыз. Жалпы арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі осы 2,5 метр тереңдік көлемінде болуы шарт. Жоспарды уақытында орындау үшін жағаға сағатына 1600 текше метр топырақ шығарамыз.

Өзендердің түбін тереңдету жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жоспарға сәйкес 2019-2020 жылдары су түбін тазалау жұмыстары толық аяқталады. Сондай-ақ осы жоба аясында қашықтығы 16,9 шақырым болатын жаңа өзен арнасы қазылады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы

Осы категория бойынша: « ШҚО-ның Абай ауданында жүзу бассейні қолданысқа берілді Алдағы тәуліктерде еліміздің үш облысында күн бұлтты болады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы