389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің диқандары сары алтынды шығынсыз жинап алу үшін күш салып жатыр

  • 588
  • UPD: 21:42, 18.09.2018

Елімізде егін орағы қызу жүріп жатыр. Алматы облысында астықтың 80 пайызы орылса, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 55 пайыздық межені еңсерген. Ал Қарағандыда күзгі жиын-терім науқанына күн қолайсыздау болып тұр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысы бойынша биыл 448 мың гектардан астам алқапқа дәнді-дақылдар егілді. Одан шамамен 1 миллион 345 мың тоннадай өнім жиналады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 356 мың гектар егіс алқабы орылып, 800 мың тоннаға жуық астық бастырылды.

Жетісулық шаруалар әр гектардан орта есеппен 22,3 центнерден өнім алуда. Өткен жылы бұл көрсеткіш 21,2 центнер болған еді. Облыс бойынша астық ору науқанына 150-ден астам комбайн жұмылдырылған. Техника жеткілікті. Жанар-жағармай мәселесінде де ешбір түйткіл жоқ. Энергетика министрлігі күзгі далалық жұмыстарды жүргізуге нарықтық көтерме бағамен 20 мың тонна дизель отынын бөлді. Шаруалар оның әр литрін 165 теңгеден алып жатыр. 

Ал Қарағандыда күзгі жиын-терім өте күрделі өтуде. Диқандар толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егін шабуды екі апта кеш бастаған. Оның үстіне жақында күн райы күрт суып, кей аудандарға қар түсті. Жаздың салқын болуынан бидай пісіп үлгермеді. Бүгінде бұл облыстағы егіс алқабының тек төрттен бір бөлігі ғана шабылған.

Виталий Ямковой, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ылғалдылық аса жоғары. Бірақ соған қарамастан егінді жинап жатырмыз. Себебі уақыт өте тығыз. Күн райы күрт бұзылса, бидай үсіп кетеді. Барлығына үлгеруіміз керек. Әсіресе тұқымдық бидайды ысырапсыз жинап алу қажет. Сол себепті қазір жұмыс күшін көбейттік.

Күзгі жиын-терім бойынша Солтүстік Қазақстан облысында Шал ақын және Уәлиханов аудандарының диқандары көш бастап келеді. Өңірде орақ науқаны қыза түсті. Ризығын жерден табатын шаруалар ала жаздай баптаған сары алтынды шашау шығармай жинап алу үшін екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшті. Бүгінгі күнге дейін өңірде жалпы егістік алқабының 55,3 пайызы бастырылды.

Қуандық Шакубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 

- Өткен жылы бұл кезде астықтың 78 пайызын жинап алған едік. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты межеден 7 күн кеш келе жатырмыз. Дегенмен қазіргі таңда еш проблема жоқ. Енді жауын-шашын болмаса,  науқанды 10-15 күнде аяқтауға тырысамыз.

Солтүстікте егіннің орташа түсімі әзірге гектарынан 14,8 центнерден айналып жатыр. Диқандардың 98 пайызы жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді. Орақ науқанына 8 мыңға жуық комбайн жұмылдырылып отыр. Жиналған астықты кептіруге қосымша 18 мың тонна жанар-жағармай қажет екен.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы