423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысы Ұйғыр ауданына барып демалатын туристер саны артып келеді

  • 1583
  • UPD: 09:00, 02.01.2019

Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік жолы ішкі туризмнің дамуына ықпал етіп отыр. Мысалы, Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы жерасты термальді суларына барып демалушылардың саны артып келеді. Тақтайдай тегіс жолмен шалғай жерлерге жету анағұрлым жеңілдей түскен. 

Алматыдан Шонжының ыстық суларына дейінгі аралық шамамен 300 шақырым болады. Ескі жолдың бойында ауылдар көп әрі тар еді. Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік жолы біраз уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы туристер үшін жайлы. Минералды судың қасиетін бағалайтын адамдар жұма күні түнделетіп келе бастайды. 

Кенжемұрат Дүкенбаев, қала тұрғыны:

- Үш жарым сағатта жетіп келдік. Тамаша. Демалыс үйінің деңгейін алып қарасақ ешкімнен кем емес. Деңгейі жоғары. Міне кафесі тұр. Магазины бар. Кеңейтіп жатыр. Қарасам мына Европаның стандартымен салынып жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Жаздың жаймашуақ күндерін сағынған адамдар алыстан ат арылтып келіп осы ыстық суға түсуді жөн көреді. Қазір қаңтар айы. Ал мына бассейндегі судың температурасы +40 градусты көрсетіп тұр.

Жер астынан шығатын минералды  суға күз айларынан бастап жаз келгенге дейін түсуге болады. Шонжының ыстық суы Сарыағаш шипажайының суының құрамына ұқсас, дейді мамандар. Ағзаға да, бұлшық ет пен сіңірді қыздыруға да пайдалы.

Ольга Бутарева, демалыс орнының әкімгері:

- Туристер мереке және демалыс күндері өте көп келеді. Мысалы, біздің қонақүйіміздің 120 номерінің барлығы бос болмайды. Қазақстанды айтпағанда Польша, Америка, Ресей мен басқа мемлекеттерден туристер жиі келіп тұрады.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша бүгінде ауданда 40-тан астам демалыс орны жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да ауданда бірнеше демалыс орындары пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Шағын кәсіп болғанымен маңызы зор. Бюджетке қосымша салық түссе, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс көзі. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы