431,68 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында жазасын өтеп шыққандар тұрақты жұмысқа тартылуда

  • 2049
  • UPD: 13:35, 27.01.2019

Маңғыстау облысында жазасын өтеп шыққандар құрылыс жұмыстарына тартылған.

Мәселен, Батыр ауылдық округінде төрт бөлмелік төрт үй салынып жатыр. Бұл жоба Мұнайлы ауданында бірнеше жыл бұрын қолға алынып, кейін аяқсыз қалған. Былтыр «Еңбек-Ақтау» деп аталатын мемлекеттік кәсіпорынға берілді. Ал аталған мекеме аудандық пробация қызметімен әріптестік байланыста.

Батыр ауылында үй салуға тартылған жұмысшының сегізі ер азамат болса, екеуі – нәзікжандылар. Орынгүл Асанова – сылау-сырлау жұмыстарының шебері. Түзету мекемесіне түскенге дейін тұрғын үй құрылысы саласында еңбек еткен. Жазасын өтеген жылдары да сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Бостандыққа шыққан соң еш ойланбастан үйреншікті қызметін таңдады.

Орынгүл Асанова, сылақшы:

– Босап шыққаннан кейін Мұнайлы ауданы апробация бөліміне барып тіркелдім. Сол жерде жұмыс тауып берді. Батыр ауылында төрт пәтер салып жатырмыз. Соларды ақтап, сырлап жүрміз. Бұрын ГМ 172/8-де жүрген кезімізде айлығымыз 32 мың еді. «Еңбек-Ақтау» РГП-ға тіркелгеннен кейін 72 мың теңге болды.

Сотталғандарға жұмыс ұсынатын мекеме алдымен оларды өндірістік тәжірибеден өткізіп алады. Яғни құрылысқа дайын мамандар тартылады. Баспана тұрғызу жұмыстары аптасына алты күн жүріп жатыр. Бір типтегі жер үйлердің ішін сырлау, әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі кезекте жылу жүйесі тартылып, есік-терезесі қондырылуда.

Берік Жалмағанбетов, «Еңбек-Ақтау» МКМ директоры:

– Сол төрт үйге Мұнайлы пробациясынан 10 азамат жұмысқа тіркелді. Оның ішінде сантехник, дәнекерлеуші, малярлар бар. Азаматтар жұмысқа уақытында келеді. Жұмыстарын жасап жатыр. Бүгінгі таңда олардың еңбекақысы 72 мыңнан 100 мың теңгеге дейін.

Мұнайлы аудандық пробация қызметімен әріптестік байланыс орнатуға ауыл кәсіпкерлері де қызығушылық танытуда. Себебі қолынан іс келетін адамдармен қамтылған жеке компания қызметіне сұраныстың жоғары болары анық. Бүгінде өкілетті орган мамандары тағы бірнеше өндірістік мекемемен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Оралбек Исатаев, Мұнайлы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы:

– Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту бөлімімен тығыз байланыстамыз. Өткен екі жылда жиырмадан астам адам жұмыспен қамтылды. Ендігі жоспар – «Маңғыстау-жылу» мекемесімен әріптестік байланыс орнату. Биылдан қалмай ол жерге бірнеше жазасын өтеп шыққан жанды орналастыруды көздеп отырмыз.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Мұнайлы аудандық апробация қызметі тұрақты жұмыспен қамтыған 10 сотталушы бүгінде Батыр елді мекеніндегі төрт тұрғын үйдің құрылысына тартылған. Жоспар бойынша олар осы ауданда тағы жиырма үй салады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы