389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Олар кран да жүргізеді, көліктің қозғалтқышын да жөндейді

  • 583
  • UPD: 10:22, 08.03.2019

Ерекше кәсіп иелері.

Жұлдыз Теңізбаеваның кран жүргізіп келе жатқанына 10 жыл болды. Осы уақыт аралығында Астанада талай ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына атсалысты.   Өндірістегі әріптестері аспанмен көк тірескен алып техниканы меңгерген краншы қызды «аспан аруы» деп атайды. Құрылыс материалдарын межелі орынға жеткізу аса қырағылықты, дәлдікті талап етеді. Уақытпен санаспай, күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек ету кім-кімге де оңай емес. Дей тұрғанмен де ол «мамандығым өзіме ұнайды», – дейді.

Жұлдыз Теңізбаева, кран жүргізушісі:

- Бұл мамандықта сабырлы болу керек. Ұқыпты болу керек. Жерде жүрген әрбір адамның өміріне жауап бересің. Бастапқы кезде қиын болды. Жыладым. Қаншама көз жасы болды. Бірақ артқа шегінуге жол жоқ болды. Өйткені ұл мен қызымды жеткізуім керек.

Жұлдыз жұмыстан үйге қуанып қайтып, қуанып келу керек деп есептейді. Олай дейтін жөні де бар. Оны отбасында ұлы мен қызы және анасы күтіп отырады. Ал кәсібімен жаны қалап айналысатындықтан жұмыс орнына да көңілді келеді. Бастысы, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Өз мамандығы жайында дәл осылай ойлайтын тағы бір нәзік жан бар. Ол – Илона Андреева. Техикалық жөндеу орталығында жұмыс істейді. Автокөліктің қозғалтқышын шашып тастап, қайта жинап беруге бар. Оның айтуынша, кәсіп әйелдердікі, ерлердікі болып бөлінбейді, ол тек кәсіби шеберлерді ғана іріктейді.

Илона Андреева, автокөлік жөндеуші шебер:

- Техникағ абала кезден әуес болдым. Мамандық таңдарда ата-анам қыз баланың ісі емес деп қарсы болды. Сол кісілердің айтуымен аспаздың оқуын оқыдым. Бірақ менен бесаспап аспаз шықпады. Техника жөндеуге қайта келдім. Кейде тапсырыс болса, түнде де жұмыс істей беремін. Сол бұзылған көлікті қайта жөндеп, қалпына келтіргенше асығамын.

Илонаның өз ісімді ашсам деген арманы бар. Алдағы уақытта техникалық қызмет көрсететін орталық ашуды ойластырып жүр. Ерлермен бірге иық тірестіре жұмыс істеп жүрген Жұлдыз да, Илона да өздерін ерекше кәсіп иесіміз деп санамайды. Екеуі де мамандық таңдауда жүрек қалауы мен еңбек нарығындағы сұраныс сай келіп жатса, құба-құп деген пікірді қостайды.  

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы