378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Қызылжұлдыз ауылына аңызға айналған батыр есімі берілді

  • 124
  • UPD: 23:35, 08.05.2019

Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Төлеуғали Әбдібеков.

Соғыста ерліктері лайықты бағаланбай қалған осындай ерлеріміз көп! Төлеуғали батырдың да тағдыры қым-қиғаш. Әкесінің інісі халық жауы болып атылып кетсе де, өзі Отан қорғаймын деп майданға аттанады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Мерген осы сұрапыл соғыста бір батальон фашистің көзін жойған. Бірақ Кеңестер Одағының батыры атағы алмады.

Бірақ ер есімі ел есінде. Жақында республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Қызылжұлдыз ауылына оның аты берілді.

Төлеуғали батырдың туған жеріндегі топырақтағы жусанның иісі мұрынды жарады. Анау жатқан Қаратұмсық, ал мына жақта Қандықытай таулары. Мұның бәрі батырдың туып өскен өлкесі. Жастайынан әкесінің қасында жүріп аңшылық өнерді меңгерген ол ашаршылық жылдары халыққа, елге қамқор бола білді. Ал ел басына күн туған жылдары қаруын қайта асынып, жауға кезенді.

Ал қан майдандағы 20 айдың ішінде барлығы сұр мергеннің оғы 397 фашистің ғұмырын қияды. Ал 1944 жылғы 22 ақпандағы айқаста қатты жарақат алады.

Сафия Аязбаева, орталық мемлекеттік музейдің қызметкері:

- Мойнына оқ тигеніне қарамай, дәл сол снайперді сол күні, сол жерде маңдайынан оқ тигізіп, сол күні сол жерде қаза таптырады Төлеуғали Әбдібеков. Сол екеуінің шайқасы кезінде қаза табады. Оқушысы, кейбір деректерде досы Әшірәлі Османәлиевке сол жерде винтовкасын береді. Ол Османәлиев осы винтовкамен тағы да 128 фашистің көзін жояды. Яғни бұл винтовка айтып отырған 525 фашистің көзін жояды.

Төлеуғали Әбдібеков майданда мергендер мектебін де қалыптастырып, 32 шәкірт тәрбиелеп үлгерген. Бірнеше рет Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, ерлігі ескерусіз қалды. Бүгінде батырдың туған жерінде ұлықтау шаралары қолға алынып жатыр.

Қайырбек Бейсенбаев, батырдың жерлесі:

- Менің әке-шешем 1890 жылы туған. Сонда бұл кісілер жақсы білуші еді, бірақ ол кезде ешқандай ата-баба туралы сөз айтпаймыз. Осы егемендік алғалы ата-бабаларымызды айтып жүрміз. Әкемнің інісі халық жауы болған деп соны жасырмай айтқан ғой. Сонан кейін мұны ол жақта да мән беріп, ескерген жоқ. Әйтпесе сол кездің өзінде батыр атағын беруге болатын.

Аманжол Дәуітов, батырдың ұрпағы:

- Еңбегінің еленбей қалғаны, сол кезде айтылмай қалғаны өкінішті-ақ. Мінекей, ел болып, жұрт болып жаңа ұсыныс жасап жатыр, облыстық мәслихатқа саты-сатысымен мәслихат, облыс әкімі республикаға ұсынып, ең болмағанда «Қазақстанның халық батыры» деген атағын алып берсек. Алдағы уақытта ауыл азаматтарының қаржысына үлкен ескерткіш қойылмақ. Батыр бабамыздың естелігін мәңгі жас ұрпақтың бойына сіңіру. Мұның бәрі сол «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында жасалып жатқан дүниелер.

Енді Алматы-Өскемен тас жолының бойындағы Қызылжұлдыз ауылы Төлеуғали Әбдібеков есімімен аталады. Осылайша тәуелсіз қазақ елінің ұландары аталарының ерлігін дастан, өмірін өнеге етпекші. Ал бүгін батыр ауылында ұлан асыр той. Жас ұрпақ бабалар әперген тыныштықтың қадірін ұғынғандай.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Ұлан Нарымбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы