384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 238 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

  • 59
  • UPD: 21:53, 09.06.2019

Кезектен тыс президент сайлауына тіркелген 7 кандидат та өз таңдауын жасады.

Бүгін елордада 238 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ең үлкені, яғни 115-сайлау бөлімшесінде алғашқылардың бірі болып, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. 

Сағат таңғы 8:30. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» театрында орналасқан 115-сайлау учаскесінде дауыс берді. Одан кейін отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Жалпы Мемлекет басшысының пікірінше, биылғы сайлауда ауызбіршілікті ту еткен халқымыздың белсенділігі маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Азаматтарымыз өз конституциялық құқығын пайдаланып, сайлауда дауыс беруде. Бұл – халқымыздың жарқын болашағы үшін жасайтын таңдауы. Сайлау – бұл үлкен мереке. Қақтығыс алаңы емес. Сайлау – бұл кандидаттардың ел болашағы үшін жасалатын ұсыныстары мен бағдарламаларының бәсесеге түсетін додасы. Еліміздің басты құндылығы – татулық, бірлік, ынтымақ. Сондықтан қай кезде де басты құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Бүгінгі бәсекенің заңға сәйкес демократиялы түрде өтетініне сенім білдіремін.

Ана тілдің мәртебесін көтеруді мұрат еткен Сәді-Бек Түгел № 136 сайлау учаскесінде дауыс берді. Шараға немерелерімен келген кандидат сайлаудың ел үшін қаншалықты маңызды екенін ұрпақ санасына бүгіннен сіңіру қажет дейді.

Сәді-Бек Түгел, ҚР президенттігіне үміткер:

– Халық керемет белсенділік көрсетуде. Бұл нені көрсетеді? Азаматтардың бойында еліне, халқына, мемлекетіне деген патриоттық сезімдері ерекше. Міне осының бәрі менің жүрегімді қуанышқа кернеп тұр.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесінде 4661 сайлаушы тіркелді. Оның бірі – Амангелді Таспихов. ҚР-ның кәсіподақтар атынан саяси додаға түскен үміткер өз таңдауын жасады. Айта кетейін, аталған учаскеде ТМД елдерінен 4, ал ЕЫҚҰ-дан 5 байқаушы жүр.

Амангелді Таспихов, ҚР президенттігіне үміткер:

– Көңіл күй өте жақсы. Барлық жерде қолдау тауып жатырмыз. Жаңа ғана өз таңдауымды жасадым. Үгіт-насихат та жақсы өтті. Халықтың сайлауға келуі жақсы. Осыған мен де қуаныштымын.

«Ақ жол» партиясынан президенттікке ұсынылған Дәния Еспаева үшін ерекше толқынысқа толы сәт. Себебі ол – ел тарихындағы мемлекет басқаруға үміткер ретінде тіркелген алғашқы әйел. Таңдауын жасап, дауыс берген кандидат сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында өзіне қолдау білдіргендерге алғыс айтты.

Дәния Еспаева, ҚР президенттігіне үміткер:

–Біз бүгін болашағымызды сайлап жатырмыз. Өзімнің штабыма, әріптестеріме үлкен алғысымды айтқым келеді. Бір айдың арасында үгіт-нсихат жүргізу, сайлау компаниясын жүргізу өте қиындау. Бірақ бәрі дұрыс өтті деп ойлаймын.

Ел бесігі – ауылдың жайын күйттеп жүрген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының үміткері де өз таңдауын жасады. Төлеутай Рақымбеков ұлттық музей ғимаратында орналасқан №52 сайлау учаскесіне отбасымен бірге келген. Кандидаттың айтуынша, бұл саяси доданың еліміздің болашағы үшін рөлі елеулі.

Төлеутай Рақымбеков, ҚР президенттігіне үміткер:

– Халықтың жанайқайын еститін, елімізді кемелді келешекке жетелейтін, лайықты халық қалаулысы ел билігіне келсін. Сайлауымыз әділетті өтсін деп тілеймін. Барлығына жақсылық тілеймін. Қазақстанның әр азаматын бүгін сайлау учаскелеріне келіп, таңдауды дұрыс жасауға шақырамын.

 «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Жамбыл Ахметбеков те өз даусының маңызды екенін біледі. Сол себепті ол алғашқылардың бірі болып №66 мектеп ғимаратындағы 113-сайлау учаскесінде дауыс берді.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР президенттігіне үміткер:

– Қазіргі кезде халықтың өзінің таңдауы болады. Осы уақыттың арасында талай атқарылған істер бар. Қазақстанның көркеюі, оның дамуы, экономика саласын алатын болса да, саясат жағын алса да және жасалып жатқан әлеуметтік көзқарастың өзгеруі халықтың сайлауға келу беделіне әсер етіп отыр деп санауға болады.

Ал Әміржан Қосанов «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түсіп отыр. Ол бас қаладағы нөмірі 57-сайлау бөлімшесінде дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Әміржан Қосанов, ҚР президенттігіне үміткер:

– Біз осы сайлаудың аясында мүмкіндігінше белсенді қимылдауға тырыстық. Дәл осы үгіт-насихат жүргізу кезіне тағатын айыбым жоқ. Бірақ ең басты нәтиже осы сайлаудың саяси процесс ретіндегі оппогейі, шарықтау шыңы – дауыстарды есептеу және баға тудыру.

Кезектен тыс президент сайлауының нәтижесі қалай болмақ? Қазақстандықтарды ғана емес, әлем халқын толғандырып отырғаны осы. Себебі бүгінгі кандидат – ертеңгі ел қорғаны, Мемлекет басшысы, келешектің ұйытқысы болмақ.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы