384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызмет бабында ерлік көрсеткен шымкенттік полицейлерді жерлестері үлгі тұтады

  • 205
  • UPD: 14:41, 23.06.2019

Шымкенттік Нұрлан Тоқполатұлының ерлігі көпке үлгі.

Полиция капитаны өткен жылы өрттен тұтастай бір отбасын аман алып қалған болатын. Қызыл жалынмен арпалысып жүргенде өзі де зардап шегіп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Қазір ол дін аман. Бейбіт күннің батыры болған Нұрланның ерлігі ескеріліп, Елбасы Жарлығымен 2-дәрежелі «Айбын» орденін кеудеге тақты.

Бұл – денеде қалған күйіктің іздері. Тыртық белгілер Нұрлан Тоқполатұлына көп нәрсені еске түсіреді. Өткен жылы шілдеде болған оқиға әлі жадында. Жұмыстан келіп демалып жатқан Нұрлан айқай шудан оянған. «Өртенді деп дауыс шыққан көршінің үйіне дереу жетіп барған ол, қарап тұрмай үй ішіндегі адамдарды сыртқа шығара бастаған. Қызыл жалынмен арпалыста бөлмедегі газ баллон жарылып, сол жерде ес жоғалттым», - дейді кейіпкер.

Нұрлан Тасболатов, қалалық ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы:

- Кіріп жатқанымда газ баллон жарылып кетті. Өзім де отпен бірге ұшып, денемнің бәрін күйік шалды. Табан астында болатын нәрсе. Ерлік көрсетем деген ой болған жоқ. Бұл менің азаматтық парызым. Адамдарға көмек беру керек.

Ауруханада 3 ай бойы емделген Нұрлан құлан таза айыққан соң өзінің сүйікті жұмысына қайта оралған. Әріптестері мен күнделікті осында және жаттығу залында бас қосады. Спортты серік етеді. Себебі Нұрлан секілді мұндағы әрбір полиция қызметкеріне денені шынықтыру атқаратын істерінің ажырымас бір бөлігі. Елбасының Жарлығымен ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты. Бұл марапат көзсіз ерлікке барып, өртте қайсарлық көрсетіп бір отбасыны оттан аман алып қалғаны үшін берілген.

Алмас Әмзеев, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Қатарымызға қосылған жас мамандарға үлгі ретінде бұл азаматтардың ерлігін үнемі дәріптеп отырамыз. Отбасы мүшелерін ешқашан ұмытпаймыз. Өздеріне де көңілімізді аударып, заңмен белгіленген тәртіпте алған жарақаттары үшін берілетін материалдық көмектер бар. Оның бәрімен қамтамасыз етіп отырмыз.

Шымкенттіктер учаскелік полицей Нұржан Омаровтың да ерлігін естен шығара қойған жоқ. Бұл оқиға 2018 жылдың 17 қазанында тапа-тал түсте қала орталығындағы автотұрақта болған. Полицейлер автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары дереу сол арада күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің қарсылығына тап болады. Қашпақ болғандарды қуып жеткен Нұржанға қаскөйдің бірі бірнеше жерінен пышақ сұғады. Жараланғанына қарамай полицей өз ісін адал орындайды. Нұржан Омаровтың да ерлігі ескеріліп, басшылық тарапынан мемлекеттік марапатқа ұсынылыпты. Ол да – ІІ-дәрежелі «Айбын» орденінің иесі. Қазіргі заманың қаһарманы қазір денсаулығына көңіл бөлуде.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы