389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада қоғамдық көліктер мәселесі шешімін таппай тұр

  • 202
  • UPD: 23:22, 15.07.2019

Себебі өткен бір аптаның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты 900-ден астам шағым түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың әрқайсына қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі.  Алайда басшылық жүргізушілерді жиі жұмыстан шығарғанымен, олардың орнын алмастырар кадр да жетпей жатыр.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына 88 бағыт бойынша 800-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. Десе де, мұның өзі бас қаладағы қоғамдық көлік мәселесін шешіп тастаған жоқ. Жолаушылар тарапынан қызмет көрсету сапасына қатысты арыз шағымдар легі толастар емес. Осыған орай автобус жүргізшілеріне қойылатын талап та жоғарылай түскен. Атап айтқанда, жүргізушілер жылына бір рет біліктілік курсынан өтуге міндетті. Мұнда жол ережесінен бастап, көлік жүргізушінің мәдениеті, алғашқы медициналық көмек көрсету жолдары оқытылады.

Ләззат Тәжібаева, психолог:

- Жүргізушілердің барлығы оқу барысында психологиялық тесттен өтеді. Көбі шаршап жүргендіктен, күйзеліске ұшырауға бейім келеді. Автобустағы ұрыс-керіс те жүргізушіні ашуын тудырып, жүйкесін жұқартады. Біз оларға барынша көмек беруге тырысамыз.

Әбдірасыл Ыбырайымұлы, көлік жүргізушісі:

- Тәжірибем 25 жыл. Паркте істеп жатқаныма 5 жылдай уақыт болды. Осы оқу орталығына екінші рет келіп тұрмын. Білмейтін сұрақтарымыз бар. Кездесіп те жатыр.

Статистикаға жүгінсек, бір автобус күніне 750 адамды тасымалдайды. Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында қоғамдық көліктің қатысуымен болған жол апатынан 2 адам қаза тауып, 27 адам зардап шеккен еді. Осыдан кейін біліктілік курсынан өту барысы қатаң бақылауға алынды.

Жеңіс Жалбыр, Көлік мамандары біліктілік орталығының директоры:

- Бүкіл арыздарды қарап болғаннан кейін жүргізушінің қандай құқық бұзушылық жасағаны туралы, жолаушыларды тасыған кезде қандай қателік жібергені жайында мәлімет жасап, сараптама жасағаннан кейін бізде «қара» тізім деген бар. Жол апатын өзінің кінәсімен жасаған жүргізушілер, жолаушылармен сұхбаттасқан кезде дөрекілік жасаған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дұрыс қызмет көрсетпегендер сол «қара» тізімге енеді.

Науат Азанбаева, «Астана LRT» ресми өкілі:

- Егер жүргізуші тасымалдау ережесін өрескел бұзса, мәселен телефон арқылы сөйлессе, темекі шегетін болса, жолаушыларға дөрекілік танытса, әрқайсысымен бөлек әңгіме жүргіземіз. Егер жүргізуші осының бәрін қасақана істесе, онда ол жұмыстан шығарылады. Оған қоса, «қара» тізімге енгізіліп, еліміз бойынша қоғамдық көліктерде жұмыс істей алмайды.

Бүгінде елордададағы 8 автопаркте 1700 жүргізуші бар. Олардың дені бас қалаға өзге облыстардан келген. Әлі де D категориялы 700 көлік жүргізушісі жетіспейді. Автобус жүргізушісі орта есеппен алғанда 200 мың теңгеге жуық табыс табады, 300 мыңға жуық еңбекақы алатындар да бар. Бірақ оларға артық жұмыс істеуге тура келеді. Осының барлығы жұмыс сапасына кері әсерін тигізеді.

Қоғамдық көлік жүргізуге қатысты ережені бұзғандар жұмыста көп тұрақтамайды. Өз ісіне бей-жай қарайтындарды тұрғындардың өздері-ақ 109 қызметіне қоңырау шалып, анықтап береді. Алдымен жолаушылар тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынады, қайталанса жұмыстан шығарылады. Тек өткен аптада ғана елордада үш автокөлік жүргізушісі осылай жұмыстан шығарылды

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы