386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда зәулім үйі мен қымбат көлігі бар отбасылар жәрдемақы алып келген

  • 171
  • UPD: 22:37, 23.07.2019

Атаулы әлеуметтік көмекті Алматыда зәулім үйлері мен қымбат көліктері бар отбасылар да алып келгені анықталды.

Мұндай мәліметтер осы көмектің берілу барысын анықтау үшін арнайы жүргізілген рейд кезінде белігілі болды.  Сәуір айынан  бері бұл қолдау қаладағы 8300 отбасыға берілген. Оның 300-ге жуығы  көмекке мұқтаж отбасылар қатарына жатпайтындар болып шықты.

Марина Ничкова 6 баланың анасы. Үлкені биыл 17 жасқа келеді, кенжесі бір жастан асқан. Жолдасымен ажырасқаннан бері балаларымен пәтер жалдап тұрады. Ал отбасылық табысы 50 мыңнан сәл ғана асады. 40 мың теңге алимент алса, 10500 теңге оған көп балалы ана ретінде беріледі.

Марина Ничкова, көп балалы ана: 

- Сәуір айынан бері атаулы әлеуметтік көмек ретінде ай сайын 142 мың теңге аламын. Мен үшін бұл үлкен көмек. Ең алғашқы қаражатқа балаларыма киім-кешек, ойыншықтар алдым. Қуанғандарын көрсеңіз.

Атаулы әлеуметтік көмектің берілуін тексерген арнайы комиссия, Маринаға бұл көмектің тиесілі екенін айтады. Бұдан кейін олар Алматының жоғарғы жағындағы, яғни ауқатты адамдар тұратын мекен-жайларға барды. Себебі, қаладағы зәулім үйлердің тұрғындары да отбасылық табысымыз, кедейшілік шегінің 70 пайызынан аспайды деп, әр балаға 22088  теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. 

Диляра Иманқұлова, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

- Бүгінге дейін біз атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 3784 отбасын тексердік. Солардың ішінде 299-ы бұл санатқа жатпайтыны белгілі болды. Себебі олардың материалдық жағдайы жақсы. Баспаналары, оған қоса бір емес бірнеше көліктері  және дүкендері бар отбасылар болып шықты. 

Бұл отбасылар құжат тапсырғанда тұрақты мекендері мен табыстарын жасырып қалған. Алайда қитұрқы әрекеттің беті ашылды. Атаулы әлеуметтік көмекті алып келген  53 отбасы бүгінгі күні өз еріктерімен қаржыны ел қазынасына қайтарған. Ал мойындамай отырғандар сот алдында жауап береді.

Айта кету керек, мұндай рейд ай сайын өткізілетін  болады. Демек, мемлекет қазынасына қол сұғып, жағдайымды жақсартып аламын деп ойлау бекер.

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы