386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыс Қазақстан облысында 5800 жұмыс орны бос тұр

  • 133
  • UPD: 07:36, 26.07.2019
Шығыс Қазақстан облысында 5800 жұмыс орны бос тұр

Қазір аймақта жол мен үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бұл салада білікті кран басқарушы және ауыр жүк көліктеріне жүргізушілер жетіспейді. Ал облыстық еңбекпен қамту басқармасы ай сайын бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізеді. Алайда кейбір білікті мамандар қазіргі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары еңбекақы талап етсе, енді бірі 10-15 күндік ауысымды жұмысқа келіспейді.

Халықаралық маңызға ие «Омбы-Майқапшағай» автожолын жаңарту 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қалбатау ауылы мен Зайсан ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасына дейінгі 415 шақырымдық тас жолды шетелдік және отандық құрылыс компаниясы бірлесіп төсеп жатыр. Бекітілген жоба бар. Техника да жеткілікті. Тек сол ауыр көліктерді жүргізетін маман тапшы. Халықаралық автокөлік жолының бір бөлігі Тарбағатай ауданыны арқылы өтеді. Қазір бұл жақта жолды кеңейту, ескі асфальтты қыру жұмыстар жүріп жатыр.

Берікбол Қуанышұлы, жұмысшы:

- Мемлекеттік дәрежедегі жол болғандықтан, екі жағын қалай кеңейтеміз, неше жылға шыдамдылығы болатынын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал келесі жылы асфальт салу жұмыстары басталады.

Қазір жұмысшылар екі аусымға бөлінген. Жолдың тек бір бөлігінде 150-ден 200 адам еңбек етеді. Олардың 80%-і жергілікті тұрғындар. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жол құрлысының қарқынын қазіргіден де үдетуге болады. Тек жұмыс күші жетіспейді. Жолдың осы бөлігінде 20-ға жуық жаңа жүк көлігі мен арнайы техника қаңтарылып тұр. Себебі басқаратын маман жоқ.

Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып жатырмыз. Ақжар деген үлкен ауылда, Ақсуат ауылында өткізіліп, осы жерде жұмыс істеймін деген халыққа үндеу тасталды. Басқа да ауылдық округ әкімдеріне тапсырма беріліп, осы жұмыс ұйымдастырылып жатыр.

Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 180 мың теңге. Халықралық жолдың дәл осы бөлігі келер жылы аяқталуы керек. Сондықтан күре жолдың құрылысына жұмысшы тарту мәселесі облыстық деңгейде қарастырылып жатыр.

Ерболат Ошақбаев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

- Бірінші кезекте мына Тарбағатай, Жарма, Көкпекті, Зайсан, Аягөз аудандарында жұмыспен қамту мәселелері бойынша бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, қазіргі кезде олардың 360-қа жуық квотаның 120-ға жуығын квотасын жауып бердік.

Компьютерлік бағдарлама орнатылған кейбір ерекше техникаларды басқаратын мамандар қайта даярлаудан өтеді. Олар 3-тен 6 ай аралығында оқып, арнайы сертификат алған соң бірден жұмысқа кіріседі.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы