386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


9 жастағы жеткіншек Есіл өзенінің ластанғанына алаңдаулы

  • 106
  • UPD: 21:04, 05.08.2019

Қаршадай баланың арманы - қоршаған ортаны қоқыстан тазарту. 9 жастағы Әлімжан осы тақырыпта ғылыми жобасын қорғап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық байқауда топ жарған оқушы өз тәжірбиесін өмірде жүзеге асырып жүр. Кішкентай ғалымның отбасы қазір полиэтилен қапшық қолданудан да бас тартқан.

Аңғарымпаз жеткіншек Есіл өзенінің ластанғанына алаңдаулы. «Өскенде өзенді тазалайтын қондырғы ойлап табамын» дейді. Қиялы ұшқыр, талабы зор балақай ғылыми жобасында тұрмыста көп қолданылатын полиэтилен қапшықтардың зиянын зерттеген. Экологтармен сөйлескен, тазалыққа жауапты мамандардан сұхбат алған. Барынша ізденіп, тәжірибе жүргізіпті. Қара топыраққа полиэтилен және экопакетті көміп те көрген. Біріншісі тоғыз ай бойы өңін бермей өзгеріссіз жатса, экоқапшық тез ширі бастаған.

Әлімжан Дулат, оқушы:

Мақсатым - полиэтилендік пакеттің зиянын табу, оны қандай басқа материалға ауыстыру және оны қалай жоюға болатынын айту. Мен бұл ғылыми жобада экологияны қорғау үшін, қоқыс таралмау үшін жасадым.

Әлімжан өзгелерге ненің зиян екенін түсіндіруден жалықпайды. Қазір отбасы мүшелері полиэтилен қапшық қолданбайды. Анасы Динара қоршаған ортаға зияны аз, экологиялық таза материалдардан қолдорбаны өзі тігеді. Қажет болса, эко және қағаз қапшықты таңдайды. Ал, тұрмыстық қалдықты міндетті түрде сұрыптап, әйнек және пластик қабылдайтын арнайы орындарға тапсырады.

Динара Жылқайдарова, Әлімжанның анасы:

Қоқысты біз 4 фракцияға бөліп саламыз. Қағазды, картонды бөлек саламыз, шыныны бөлек саламыз. Өзімізде жәшік бар, Әлімжан өз сол жәшіктерді өз қолымен жасаған. Сосын пластикті бөлек саламыз. Тамақ қалдығын бөлек саламыз. Барлық аулада түрлі контейнер бар ғой. Бірақ біз баланың өзі апарсын деп, арнайы орындарға тапсырамыз.

Әлімжан өзі оқитын физика-математика мектебінің екі сыныбы арасында марафон ұйымдастырған. Оқушылар Жапония елінің тәжірбиесі бойынша қоқысты сұрыптауды үйреніпті. Қаршадай баланың елдің экологиялық жағдайына алаңдайтыны көңіл қуантады. Алайда арамызда Әлімжан сияқтылар көп емес.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы