389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жастар туған жерге оралып, жаңа кәсіп ашты

  • 131
  • UPD: 14:04, 23.09.2019

Алматы облысының Балқаш ауданындағы Құйған ауылында 1 мың 400-ге жуық адам тұрады. Бір кездері осы елді мекеннен алыстап, қалаға кеткен жастар қазір туған жеріне оралып, кәсіп аша бастады. Әсіресе олар бұрындары болмаған тың салаға ден қойып, ісін ілгерлетіп жатыр. 

Ринат Исағұлов қаладағы қызметін тастап, Балқаш көлінің бойынан шаруашылық құрды. Алғашында небәрі он екі сиыры бар болатын. «Сыбаға» бағдарламасымен ірі қара санын 130ға жеткізді. Мал басын арттырумен  қатар құмды жерге бау-бақша егіп, көкөніс те өсіріп жатыр. Енді осы бағыттағы жұмысын жандандырып, қожалықты әртараптандырмақ  ниетте.

Ринат Исағұлов, шаруа қожалық жетекшісі:

- Балқаш ауданында Бақанаста ғана жоңышқа егеді.  Сондықтан осы түкпірде жоңышқа ексек пе деп жатырмыз. 200-300 гектар. Сосын жүгері ексек пе дейміз. Мына малға шабындық алаңын жасап алсақ па дейміз. Балық өсіретін жоба бар. Оны үш-төрт жылға қалдырдық.

Ал Сәния Кәрібек шағын ауылда бұрындары болмаған тың саланы игере бастады. Наубайхана ашып, жерлестерін ас атасы нанмен қамтамассыз етіп жатыр.Тапсырысқа қарай тәтті тоқаш та пісіріп береді. Әзірге бар шаруаны бір өзі атқарып отыр.  

Сәния Кәрібек, наубайхана басшысы: 

- Қазір өзім жалғыз болғандықтан 40-50 бөлке нан жауып жүрміз. Екі адам алғаннан кейін 200-300 нанға дейін жеткіземіз. Өйткені оларға да айлық төлеу керек.

Балқаш ауданында шағын және орта бизнеспен айналысатындар қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, екі жыл бұрын олардың саны 1900ге жуық болса, қазір  2000 нан асып отыр. Бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлер 9млрд 700 млн теңгенің өнімін өндірген.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы