389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында салынып жатқан жел электр станциясы келер жылы іске қосылады

  • 267
  • UPD: 08:05, 25.09.2019

Жамбыл облысы Сарысу ауданында қуаты жағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ жел электр станциясы салынып жатыр.

Жобаның қуаты – 100 мегаВатт. Қазір 10 турбина орнатылып, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Жаңа станция оңтүстік аймақтарды электр энергиямен қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізбек.

Жаңатас жел электр станциясы Қаратау жотасын бойлай салынып жатыр. Толықтай инвестициялық жоба. Жылына 350 миллион киловатт сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы. Жүзеге асса, облыстың 4 ауданын табиғи көздерден өндірілген энергиямен қамтуға мүмкіндік туады.

Наурызбек Жұмағазин, Жаңатас жел электр станциясының өңірлік менеджері:

– Жасыл энергетика саласы үшін Жамбыл өңірі – өте қолайлы аймақ. Оны зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр. Қолданылатын технология экологиялық жағынан таза. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді.

Жоба құны 50 миллиард теңгеден асады. Бұл жерде қуаты 2,5 мегаваттық 40 турбина орнату көзделіп отыр. Қазір монтаждау, бақылау орталықтары мен қосалқы станциялар құрылысы жүріп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Мына қырат – қарт Қаратаудың соңғы сілемдері. Бұл жерде соққан желді жергілікті тұрғындар «Аққырқаның желі» деп атап кеткен. Мамандар бұл жерді әбден зерттеп, зерделеп барып, жел электр станциясының құрылысын бастап отыр. Әр станция жел секундына 3 метр жылдамдықпен соққанда электр энергиясын өндіре бастайды. Ал бұл жерде 150 метр биіктікте жел жыл он екі ай бойы соғып тұрады.

Мамандардың айтуынша, қазір ірі станцияның құрылысы 30 процентке біткен. Ал қажетті қондырғылар шетелден шетінен жеткізілуде. Айта кету керек, соңғы жылдары шалғайдағы ауданға тартылған инвестиция көлемі артып отыр.

Бейсен Шалабаев, Сарысу аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:

– Ауданда желден алатын электр энергия көздері алғаш рет жүргізіліп жатыр. Жоба шеңберінде іске асқалы бері 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында 6 млрд-қа жуық инвестициялық салым салды. Жалпы жыл соңына дейін қосымша 5,5 млрд саламыз деген жоспар ұсынып отыр.

Жел электр станциясы келер жылдың наурыз айында іске қосылады. Жалпы Сарысу ауданында 2022 жылға дейін үш жоба жүзеге асыру жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы