389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 2027 жылға қарай 196 ауылға газ кіргізу жоспарланып отыр

  • 163
  • UPD: 16:02, 30.09.2019

Жамбыл облысы Сарысу ауданына газ тартылды. Қазір шалғайдағы 4 ауылға құбырлар жүргізіліп, үй-үйге кіргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір айта кетерлігі, бұл ауданда бұрын-соңды көгілдір отын мүлдем болмаған. Жергілікті жұрт жыл он екі ай бойы көмір жағып, күл шығарып, әбігерге түсетін. Енді бұл қиындықтар биылдан бастап артта қалатын болды.

Тоғызкент, Әбілдә, Майлыкөл, және Досбол. Бұл ауылдар Сарысудағы алғаш газ тартылған елді мекендер ретінде тарихта қалып отыр. Төрт ауылдан тұратын округте 311 аулада 2 мыңнан астам халық тұрады. Жұрт бұл қуанышты жылдар бойы күтті, армандады. Енді биылғы жылыту маусымында тұрғындар көгілдір отын жағып шығады.

Асан Өтеулиев, Тоғызкент ауылының тұрғыны:

Міне, газ кіруге дайын. Құбырлардың бәрін тартып қойдық. Газдың келгеніне өте қуаныштымыз. Бұрын отынменен, плиткамен жұмыс істейтін едік. Қазір газбен жұмыс істейтінімізге жалғыз мен емес, халықтың бәрі қуанып жатыр ғой.

Хадиша Әжібекова, Тоғызкент ауылының тұрғыны:

- Қашан болады екен деп қуанып жүр. Күлден босап, от жаққаннан босап, жақсы болды ғой деп келіншектердің бәрі асыға күтіп жүр. Құдай қаласа, плитасына дейін алып, дайындап отырмыз. Бұйыртса, газ жағып қолымыз ұзарып, үстіне етімізді асып қоямыз. Келіндерімізге жақсы болды.

Газ жүйесін тарту жұмыстары бүгінгі күні 80%-ке біткен. Мұнда Талас ауданындағы  Ойық ауылынан 127 шақырым құбыр тартылды. Газ Амангелді кен орнынан жеткізіледі. Қазір магистраль арқылы көгілдір отын келіп тұр. Мамандар жүйені толық тексеріп, бақылаудан өткізіп, газды 1 қазан күні беруді жоспарлап отыр.

Дастан Рысалиев, мердігер компания жетекшісі:

- Құрылыс жұмыс монтаждары аяқталып жатыр. Енді техникалық шарттары деген бар. Оған құжаттар өткізілді. Одан шығады. Жоба болады. Жобадан кейін қосылады.

Бұдан бөлек, ауданға Түркістан облысы Шаян елді мекеннен ірі газ магистралі тартылып жатыр. Биыл бұл жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 3,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Қанатбек Мәдібек, Сарысу ауданының әкімі:

- Мердігер компания жұмыс жасап жатыр. Келесі жылы осы уақытта Жаңатас қаласына газ келетін болады. Одан кейінгі ауданның басқа 14 елді мекенін газбен қамтамасыз етудің жобалық сметалық құжаттамалары дайын.

Жалпы Жамбыл облысында соңғы 10 жылда 133 астам елдімекен газдандырылған. Қазір аймақтағы 377 ауылдың 48%-і көгілдір отынмен қамтылып отыр. Ал 2027 жылға қарай 196 ауылға газ кіргізу жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә Жамбыл

Хабар 24 телеарнасы